Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова «1001 түн» бағдарламасында бұралқы ит мәселесіне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің айтуынша, бұралқы иттерге қатысты сенім телефоны іске қосылғаннан бері 100-ден аса шағым түскен.
«Бұралқы иттер мәселесіне келсек, жауапкершілік туралы айтуымыз керек. Қазір бізде жауапкершілік мәселесі өзекті. Президент бұралқы емес, қараусыз қалған иттердің балаларға шапқаны туралы сөз қозғады. Біз бұл мәселені қарастырдық. Иттердің иелері оларды қараусыз қалдырып отыр. Осы мәселеге қатысты өңірлерден шағым түсіп жатыр. Әр шағымды жеке қараймыз, жабайы жануарлар туралы түскен шағымды «Охотзоопромға», ал бұралқы ит туралы түскен шағымды Ішкі істер министрлігіне тиіс шара қабылдау үшін жібереміз. Қазір өңірлерден 139 шағым түсті, қайталанатын шағымдарды есепке алмағанда, олар тиіс органдарға жіберілді», – дейді ол.
«Еститініміз – қаңғыбас иттен қорыққан ағайынның арызы». Өңірлерде бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда оқушыны бұралқы иттер талап тастағаны хабарланған болатын. Атыраулықтар да көше кезген бұралқы ит көбейгеніне наразы болып, тұрғындардың бірі баласынан итті әрең ажыратып алғанын мәлімдеген еді. Сондай-ақ, Атырауда биыл екі баланы бірдей ит талап тастаған болатын. Жетісу облысында көшеде табылған ер адамның өліміне де ит кінәлі болуы мүмкін екені айтылды.