Депутат Елнұр Бейсенбаев халық жағдайына қатысты жалған статистика жасалып жүргенін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бейсенбаев Ұлттық статистика бюросына наразылығын жеткізді.
«Өтірікті сендіріп айтудың өзі өнер» деген сөзді Статистика бюросы тура мағынасында түсінетіндей көрінеді маған. Статистиктердің ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған. Ал, жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз.
Дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ, Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңгенің көлемінде дейді. Оған қоса, Статистика бюросының мәліметінше 2023 жылдың наурыз айына азық-түлік бағасы шамамен 21 процентке өсіпті», – дейді депутат.
Елнұр Бейсенбаев шындығында, мәселе одан әрі ушығып тұрғанын айтады.
«Кеше бүкіл аймақ бойынша «AMANAT» партиясының мониторингтік топтары азық-түлік бағаларын қадағалады. Нәтижесінде, пияздың бағасы 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге. Яғни 1,5-2 есеге дейін, 70-100 процентке бағаның шарықтағаны байқалады. Рас, қазір дүкенге баруға қорқасың, баға күн санап өсуде. Мысалы, үш адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды. Әлеуметтік жағдайы қиын, көпбалалы отбасылар туралы айтуға қысыласың. Бұл бір.
Екіншіден, ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңгені құрап отыр. Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес», – дейді Бейсенбаев.
Оған қоса, осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы халқымыздың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтындығын көрсеткен болатын. Депутат инфляцияның өсуі, экономикалық рисктердің артуы жағдайында аталған кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейтінін жеткізді.
«Үшіншіден, соңғы 3 жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халықтың небәрі 4,9 проценті, яғни 450 мың адам жұмыссыз дейді. Қазақстанда жұмыссыздар статистикасы тек халықты жұмыспен қамту орталықтарына арнайы өтініш бергендердің есебінен жүргізітені анық. Сондықтан жұмыссыздардың көбі есептен тасады қалып қояды. Ал, ресми дерек бойынша жастар арасындағы жұмыссыздардың саны шамамен 80 мың адамды құрайды. Шындығына келсек, осы топтадағы жұмыс істемейтін, тіпті оқымайтын NEET жастардың саны 380 мыңды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтитын, яғни тұрақты табысы жоқ жастардың саны 300 мыңнан асып жығылады. Сонда тек жас азаматтардың кемі 750 мыңы жұмыссыздар қатарында. Бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есеге көп», – дейді Бейсенбаев.
Депутат Үкіметтің шешім қабылдарда жіберетін басты кемшілігі – жалған статистиканы пайдалануы екенін айтады.
«Статистика – елдегі нақты ақпарат пен шынайы көрсеткіштердің бет-бейнесі болуы тиіс. Дегенмен, Үкімет тарапынан қабылданған шешімдердің әлсіздігі, көбінде қате мәліметтерге сүйенудің негізінде орын алып отыр. Ұлттық бюро жүргізетін статистика барынша шынайы, халықтың әлеуетін ашық көрсетуі тиіс. Сонда ғана қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту, табысын арттыру мүмкін болады», – дейді Елнұр Бейсенбаев Мәжіліс отырысында.