Депутат Нартай Аралбайұлы Мәжілісте қазақстандықтардың мұңын жеткізді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, депутаттық сауалының артында интернеттің инесіне отырмаса да, ғаламторға тірелген тіршіліктерін уақытында тындыра алмай зәрезап болған миллиондаған қазақстандықтың мұңы жатыр.
«Қазақстанда интернет бар» деген аты болмаса бүкіл әлемде жылдам саналатын желі біздің елге келгенде табанына тас байлап алғандай көрінеді. Сандарға сүйенейік, үстіміздегі жылдың 1 сәуіріндегі мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы халқы саны 200 мыңнан асатын 1432 ауыл кең жолақты мобильді интернетке қосылмаған. Бұл ресми дерек, шынайы жағдайға келсек ғаламторды атымен көрмеген елді-мекендер саны бұдан әлденеше есе көп болуы бек мүмкін. Себебі, 2020 жылы мемлекет Қазақстан Республикасы халқының 98,7 пайызын интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамассыз етті дегенді де естіді ел, бірақ бұл деректің де арты бір-ақ тұтам екенін уақыт өте аңғардық. Басқасын былай қойғанда бас қаланың біраз жерінде интернет әупірімдеп әрең істейді. Сапалы интернетті басқа түгілі бас қалада қолдану қиынның қиыны», – дейді депутат.
Интернет сапасы үшін байланыс операторларына қанша айыппұл салынды?
Нартай Аралбайұылының айтуынша, интернеттің сын көтермейтін сапасына қарамастан халыққа қажет талай қызметті электронды порталдарға салып тастады жауапты ведомство.
«Интернетсіз өмірдің азабын қазір ең алдымен ұстаздар мен оқушылар тартып отыр. Бұл проблеманы Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновте растап отыр. Ол өз сөзінде қазір Қазақстандағы 3 мыңнан астам мектеп ғаламторға қосылмаған немесе оның сапасы төмен деді. Ал біз көшпелі отырыс барысында Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарында Күнделікті үйлерінен толтыруға мәжбүр ондаған ұстазбен жүздестік. Бұл тек 1 облыстағы ахуал.
2023 жылдың 4 айының өзінде қазақстандықтар сапасыз интернетке қатысты 5 мыңнан астам арыз-шағым түсірген. Осы жерде заңды сауал туады, сапасыз интернетті ұсынған операторларға қандай жаза кесілді? Қанша айыппұл салынды? Бұған дейін байланыс операторларына салынған айыппұлды естіп келдік, демек бұл мәселенің шешімі емес екенін түсінетін кез келген жоқ па? Жұртқа айыппұл емес, сапалы интернетқажет емес пе?», – дейді Нартай Аралбайұлы.
«Тарифке салған ақшамыз желге ұшты». Алматының айналасындағы тұрғындар интернеттің игілігін көре алмай жүр
Осы ретте депутат бірнеше ұсыныс жасады.
1. Сапасыз интернет пен ұялы байланыссыз отырған ауылдардағы проблеманы шешу үшін Үкімет тарапынан арнайы комиссия құруды, оның құрамына қоғам белсенділерін, сала мамандарын және депутаттарды қосуды сұраймын.
2. Сіздің министрліктің мүмкіндіктерін пайдалана отырып ұялы байланыс пен интернеті жоқ ауыл-аймақтардың тізімін атын атап тұрып ашық жариялау керек.
3. Интернетсіз отырған ауыл-аймақтардың тұрғындары өзі тұрып жатқан елді-мекенге қашан, қай кезде ғаламтордың қосылатынын нақты білуі керек. Сондықтан, министрлік қоғам алдында жауапкершілік алып, қай жерге, қашан сапалы интернеттің жететінін ашық жариялауы қажет.