Шымкент қаласы Мақтарал ауданынан келген жиырма жастағы Сержан Оңғардың Отан алдындағы борышын толық өтеуіне екі ай ғана қалған.
Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінде сарбаздың мәйіті табылды. Суыт хабарды алған жақындары өз өзің мылтықпен атты деген нұсқаға сенбей отыр, деп хабарлайды 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасы.
Шымкент қаласы Мақтарал ауданынан келген жиырма жастағы Сержан Оңғардың Отан алдындағы борышын өтеуіне екі ай ғана қалған. Бір жыл бұрын әскерге кеткен інілерімен жақын күндерде қауышамыз деп жүрген жақындарына суыт хабар түнде жеткен. Қайғы жұтқан Сержан Оңғардың туыстары бірден сарбаз борышын өтеген әскери бөлімге келген. Бірақ, жиырма жастағы бауырының өзімен емес, мәйітханадан сүйегі салынған табытымен қауышқан.
«Біз балаларымызды әскерге бұл үшін жібермейміз. Аман-есен жіберіп, денесін алып қайтамыз деп кім ойлаған? Бәрі дұрыс болатын. Бүгін түнде он екі жарымда сөйлескенмін. Баланың жағдайын айтып жеткізе алмаймын. Өзін-өзі атты деп те айта алмаймын. Әділдікті, шындықты сұраймыз, барлығының түбіне жетсін», – дейді сарбаздың туысы Назерке Бақытжанқызы.
Үздік әскери қызметкерлер қатарында болған Сержанның Отан алдында борышын өтеп, үйіне қайтуына екі ай қалған. Туыстары былтыр оны желтоқсан айында өздері әскерге шығарып салғанын айтады. Алматыдағы медицина университетінде фельдшер мамандығында оқып жүрген жігіттің арманы асқақ еді дейді. Әскерден соң оқуын жалғастырып, медицина саласындағы білікті маман болуды мақсат еткен. Жақындарының айтуынша, бүгін түнде қарауылға түскен Сержан Шымкенттегі әпкесімен сөйлесіпті. Бірақ арада екі сағат өткен соң, үйіне қайғылы хабар келген.
«Тамағынан атылған дейді, басын жарып жіберген дейді. Енді мынандай оқиғадан кейін әскерге балаларымызды қалай жібереміз? Сұмдық қой. Екі аяқпен жібердік. Кім жібереді бұдан кейін? Қай қазақ жібереді?», – дейді марқұмның тағы бір туысы Жақсылық Айбеков.
Артық сөзі жоқ, мінезі де жайлы деген Сержанның өзіне қол жұмсауы бекер емес дейді туыстары. Сондықтан олар інілерін суицид жасауға әлдекімдер итермелеген болуы мүмкін деп топшылайды. Қайғы жұтқан отбасы тергеудің әділ өтуін талап етеді.
Ал әскери бөлім полковнигінің айтуынша, жауынгер өзіне бекітілген Калашников автоматымен оқ атқан.
«Болған жағдайға байланысты қазір тергеу органдарымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүрзіліп жатыр. Оқиға орын алысымен қатардағы жауынгер Оңғаров жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген болатын. Бірақ дәрігерлер қанша тырысқанымен, сарбаз ауруханада көз жұмды», – дейді «Ұлттық ұлан» өңірлік қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқық жұмыс жөніндегі орынбасары Қанат Ерғалиұлы.
Теміртаулық 5516 әскери бөлімі марқұмның мәйітін бүгін пойызбен жөнелтпек. Ұшақ ұйымдастыра алмаған олар сарбаздың жақындарына жерлеу рәсіміне қажетті материалды шығынды өтеп, қосымша көмек беретінін айтты.