Депутат Дәулет Мұқаев Астана көшелеріндегі жаңбыр жауғаннан кейінгі көріністің видеосын жариялады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кадрлардан су басқан көшелерде автобустар «жүзіп бара жатқаны» көрінеді.
«Бірнеше әкім ауысса да, Астананың су-кәріз жүйесі ретке келер емес. Тіпті Нұрсұлтан Назарбаев Президент болғанда осы мәселені бірнеше рет көтерген еді. Көлгіновтен көл қалды, қазіргі әкімнен не қалар екен?» – деп жазды депутат.
Әлеуметтік желі қолданушылары да көшелердегі мұндай көрініс бұрыннан бар екенін айтқан.
«Астанам-ай. Өкінішті-ақ. Қайтейін», «Сорлылар-ай шетел боламыз деп суағар қалдырмаған», «Астана – бас қала. Масқара. Бюджеттен ақша бөлінбей жатқан жоқ емес, бөлінеді. Бірақ жегіштер жеп қояды ғой жеткізбей», «Құдай-ай қайда кетіп барамыз, неге осыны қолға алмайды?», «Астанада үнемі осы еді ғой. Бір жауын жауса, бітті. Жерге сіңбейді», «Автобус суға батып, жүзіп кетіп барады», – дейді Желідегілер.
Астана қаласы әкімдігі мәліметінше, жауын-шашынға байланысты қала бойынша 100-ден аса техника (ассенизатор машиналар мен мотопомпалар) жұмылдырылған.
«Elorda eco system мекемесі жерүсті суларын бұруды қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде тиісті шаралар жүргізіп жатыр: коллекторлар мен жаңбыр қабылдағыштарды тазарту, құбырларды буландыру, су шығару. Сондай-ақ, нөсер кәріз жүйелері мен тазартуға арналған құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген әкімдік хабарламасында.
Сондай-ақ, қалада биыл жерүсті суларын бұру үшін 2,5 шақырым магистраль нөсер кәріз желілерін салу жоспарланып отырғаны айтылды.