Трансплантологияның даму деңгейі денсаулық сақтау жүйесінің дамуының және медициналық қызмет сапасының өзіндік көрсеткіші болып табылады, өйткені табысты орган трансплантациясы заңнамалық база, дайындалған кадрлық ресурстар, техникалық мүмкіндіктер және донорлық мәдениет болған жағдайда ғана мүмкін болатыны сөзсіз.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының заңгері Мухматова Амина Жамалайқызы дәрігерлерге дәріс оқып, еліміздегі трансплантология саласындағы заңнамалық негіздерді қолжетімді түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қонаев қалалық ауруханасының дәрігерлерінің сөзіне сүйенсек, ағзаларды трансплантаттау – ағзаларды, ағзаның бөлігін немесе тіндерді организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу. Ағзаларды трансплантаттау кез келген адамға, ересек адамға да, балаға да қажет болуы мүмкін. Көптеген аурулар адам ағзасының жұмысын тоқтатып, оны ауыстырып салу қажеттілігіне әкеп соқтырып жатқанына куәміз. Бүгінгі күні елімізде 4000-ға жуық адам ағзаларын ауыстыруға зәру, оның ішінде, 2023 жылғы шілде айына қатысты мәлімет бойынша, 109-ы балалар екен. Өкінішке орай, кейбір пациенттің өмірлері санаулы күндерге емес, сағаттарға тәуелді болып жатыр. Қазақстандықтар басқа ағзаларға қарағанда көбіне бүйрек ауыстырып салуды қажет етеді. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 210-бабына және 212-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес тірі және қайтыс болған адам донор бола алады. Қазақстанда тірі кезіндегі донордан ағзаны немесе ағзаның бөлігін ауыстырып салу туралы шешімді Этикалық комиссия қабылдайды, ол теріс пайдалануды болдырмау және қауіпсіздікті арттыру мақсатында жоғарыда аталған барлық растайтын құжаттарды қарайды, ықтимал реципиент пен тірі кезіндегі донор арасындағы генетикалық байланысты белгілейді. Қайтыс болғаннан кейінгі донор – 18 және одан жоғары жастағы, ағзалары және тіні реципиентке транспланттау үшін пайдаланылуы мүмкін, бас миының біржола семуі расталған адам бола алады. Қайтыс болғаннан кейінгі бір донор шамамен 7 адамның өмірін құтқара алады. Кодекстің 212-бабы 3-тармағына сәйкес, қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын және тiндерiн трансплантаттау үшін алуға, егер алу кезінде медициналық ұйым осы адам тірі кезінде не ол қайтыс болғаннан кейін, жұбайы, зайыбы, ол болмаған кезде – жақын туыстарының бірі оның ағзаларын және тiндерін алуға өзінің келіспейтіні туралы мәлімдегенінен хабардар болса, жол берілмейді. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 209-бабы 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, трансплантациялаған кезде: адамның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) сатып алуға-сатуға тыйым салынады. Аурухана заңгерінің сөзіне сүйенсек, қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз еркін білдіру құқығын тіркеуді Қазақстан Республикасының азаматы екі жолмен жүзеге асыра алады: тіркелген жері бойынша емханаға тікелей жүгінген кезде, онда жауапты тұлға жеке басын және тіркелу мәртебесін куәландыратын құжаттарды тексереді, содан кейін тиісті өтініш нысанын ұсынады. Толтырылған нысан Тіркелімге енгізіледі, ал өтініш берушіге 1 жұмыс күні ішінде МСАК ұйымының бірінші басшысы қол қойған және мөрімен бекітілген ерік білдіруді тіркеу туралы анықтама беріледі; немесе қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз еркіңізді үйден шықпай-ақ, «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тіркеуге болады: ол үшін өтініш беруші порталға кіріп, қызметке тапсырыс беру тиіс, содан кейін барлық қажетті өрістер толтырылады және ЭЦҚ-мен өтінімге қол қойылады, бірнеше минуттан кейін мәртебе жаңартылады және екі тілде ерік білдіру туралы куәлік қолжетімді болады. Өтініште барлық ағзаларды немесе кейбір нақты ағзаны пайдалануға рұқсат беруге болады. Кейіннен шешіміңізді шексіз рет өзгертуге болады. Өтініш мерзімсіз болады, яғни оны біраз уақыттан кейін жаңарту немесе растау қажет емес. Шешім адамның соңғы тіркелген өтініші негізінде қабылданады. Келісімді немесе бас тартуды кім тіркегені туралы ақпарат жабық. Бұл деректерге тек үш республикалық үйлестірушілер ғана қол жеткізе алады және де адам қайтыс болғаннан кейін ғана. Дербес деректерді қорғау Кодекске және «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 мамырдағы Заңының 29-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Кодекстің 212-бабының 2-тармағына сәйкес «Ағзалардың және тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына адамның тірі кезінде ерік білдіруін беру және бұл жөнінде жұбайын (зайыбын) немесе жақын туыстарының бірін хабардар ету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-308/2020 бұйрығы әзірленді. Ағзаны трансплантаттау қажеттілігі туралы шешімді мультипәндік топ қабылдайды – пациент денесінің функциялары мен құрылымдарының бұзылу сипатына, оның клиникалық жағдайының ауырлығына байланысты қалыптасатын әртүрлі мамандар тобы. Егер олар трансплантаттауға көрсеткіштерді растаса, онда ақпаратты транспланттаушы үйлестірушілерге жібереді. Пациент күту парағына енгізіледі. Ол қайтыс болғаннан кейінгі донордан тіндік үйлесімділігі бар қажетті ағза пайда болғанша сол жерде болады. Ағзаларды трансплантаттауды күту парағы – Қазақстанда ортақ. Күту парағында транспланттау қажеттілігі туралы нақты шешім қабылданған адамдар тұрады. Күту парағына енгізу үшін негіз: Өңірдің денсаулық сақтау басқармасының немесе транспланттау орталығының жанындағы мультипәндік топтың қорытындысы; Пациенттің дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімі; Пациент туралы мәліметтер болып табылады. Осыған байланысты трансплантаттау үшін көрсетілімдер болған кезде тиісті комиссияға беру туралы мәселені шешу үшін тіркелген жері бойынша МСАК ұйымына учаскелік немесе отбасылық дәрігерге жүгінуі қажет. Күту парағында вирусты гепатитпен (В, С), кез келген жерде орналасқан туберкулезбен, АИТВ инфекциясымен, мерезбен жұқтырған ықтимал реципиенттердің ағзаны дені саудан ғана емес, дәл осындай диагнозы бар жұқтырған қайтыс болғаннан кейінгі донордан да алу мүмкіндігі бар.
Органдар трансплантациясы – науқастың өмірін аман алып қалудың бірден-бір жолы
Танымал
Ел аузында
Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.
Сайт әкімшілігі