Қайрат Боранбаевтың туысы Әбілхан Боранбаев пара бергені үшін сотталды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
19 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Боранбаевтың лауазымды тұлғаларға пара беру дерегі бойынша (Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі) және Қ.-ның құқық қорғау органының лауазымды қызметкері бола тұра пара алу дерегі бойынша (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы) қылмыстық істі қарады.
«Б. аға жедел уәкілі Қ. мен Ш.-ға (тергеу кезінде қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылды) жалпы сомасы 1,6 миллион теңгеден аса пара берген. Өз кезегінде Қ. және Ш. алдын ала сөз байласу арқылы пара алып, тергеу-қамауға алынған Б.-ны айдауылдау кезінде оған мобильді байланыс, кездесулер, туған күнін алкогольді ішімдіктермен тойлау арқылы үшінші тұлғалармен процестік емес байланысқа түсуіне заңсыз мүмкіндік берген», – делінген хабарламада.
Прокурор айыптауды қолдап, сотталушыға Б.-ға 4 жыл 6 ай мерзімге, ал сотталушыға Қ.-ға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қорғаушы тарап Б. және Қ.-ға Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігін қолдана отырып, айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушылардың кінәсі сотталушылардың, куәгерлердің айғақтарымен, банк мәліметтерінің үзінділерімен, бетпе-бет кездесулермен, сараптама қорытындыларымен, бейнежазбалармен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сот Б.-ның 4 баласы болуын, кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, қылмыстық құқықбұзушылықты ашуға және қылмыстық құқықбұзушылықтың басқа да қатысушыларын әшкерелеуге белсенді ықпал еткенін, ал Қ.-ның 3 баласы болуын, кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін қылмыстық жауаптылық, жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
Сотталушылардың жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
«Сот үкімімен Б. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Қ. Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, наурызда Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталған. Ал қыркүйекте жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарған еді.
Кейін оның Астананың орталығындағы 4 жұлдызды қонақүйді мемлекет меншігіне тапсырғаны белгілі болды. Аумағы бес мың шаршы метрден асатын қонақ үй кешенінің жылдық айналымы шамамен 900 миллион теңгеден асады.