Костенко шахтасындағы апаттан зардап шеккен 27 кенші ауруханада емделіп жатыр. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтты.
Қазіргі таңда шахтадағы жағдайды облыстық жедел штаб бақылап отыр.
«Медициналық мекемелердегі 27 зардап шегуші бақылауда. Бір адамның жағдайы ауыр, 24-інің жағдайы орташа ауыр, екеуінің жағдайы қанағаттанарлық. Барлық науқас қажет медициналық көмек алып жатыр», – деді облыс әкімі Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, қаза тапқан әрбір кеншінің отбасына мемлекеттік органдардың басшылары мен депутаттар бекітілген.
«Олар жерлеу рәсімдеріне қатысып, тиісті төлемдерді бақылайды және тұрмыстық проблемаларын шешеді. Жерлеу және еске алу кештерін өткізуге, көлікпен қамтамасыз етуге қажет көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, басқа өңірлерден, жақын және алыс шетелдерден туыстары мен жақындарының келуі, жеткізілуі бойынша жәрдем атқарылып жатыр», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімі көз жұмған кеншілердің отбасыларының әлеуметтік портреті жасалғанын мәлімдеді.
«Көпбалалы отбасылары, сондай-ақ, жалғыз асыраушысы және кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар анықталды. Қаза тапқандардың ипотека және басқа да несиелері мен олардың тұрғын үй жағдайлары туралы ақпарат жиналды», – деді ол.
Ермағанбет Бөлекпаев қаза тапқандардың отбасыларына мемлекет тарапынан қандай материалдық көмек көрсетілетіні түсіндіріліп жатқанын жеткізді.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ жерлеу шығындарын ұйымдастыру және төлеу бойынша міндеттемелерді орындап жатыр. Компанияның қалған міндеттемелері кезең-кезеңімен орындалады, оларды облыс әкімдігі бақылауда ұстайды. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына қажет көмек дереу көрсетіледі», – деді өңір басшысы.
Еске салайық, алдымен бұл шахтада 7 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ал екі күн бұрын қаза тапқандар саны 45 адамға жетті. Бүгін Сырым Шәріпханов соңғы кеншінің денесі табылғанын айтты. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін «АрселорМитталТеміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.