“Үйі жоқтың күйі жоқ” деп бекер айтпайды. Құс екеш құстың ұясы бар екенін сезіне отырып, ал өзіңнің пәтер жағалап, біреудің қас қабағына жалтақтап күн көріп жүргеніңді сезіну кез келген адам үшін ауыр. Оның үстіне пәтердің жалдық ақысы удай қымбат заманда тапқан таянғаныңды ай сайын біреудің алақанына салып беріп отыру да оңай емес. Сондықтан біреуге мотивация, енді біреуге кеңес болуы үшін өзімнің төрт жылда қалай үш үйлі болғанымды айтып бермекшімін.
Үйдің жоқтығынан баланы ауылға әке шешемізге беруге мәжбүр болдық
2008 жылы тұңғышымды босана сала төрт айлығында ауылдағы енемнің бауырына салып өзім жұмысқа шығуға мәжбүр болдым. Өйткені өзіміз жас жанұямыз, жолдасымның тапқаны тек пәтер жалдаудан артылмайтын. Күнделікті ішіп жем, баланың жөргегі, пәтерақы, бір жыл бұрын өткен тойдың қарызы бәрі уайымға айналып сүтім тартылып қалды. Амалсыз бала аш қалатын болған соң ауылдан қайынатам хабарласып, кітапханада жұмыс істеп жүрген енемді үйде отырғызып, баланы енеме бағуға ауылға жіберіп, өзімнің жұмысқа шыққаным жөн екенін айтты. Бала түгілі өзіміздің тамағымызды табу мұңға айналғандықтан келістім. 2007 жылы ең жоғары инфляция тіркеліп, жұмыссыздық та өршіп, сол аралықта жолдасым да жұмыстан қысқарып қалған болатын. Сондықтан баланы ауылға апарып тастайтын ақшаны әзер тауып, бір аптаның ішінде кері қайтып келдік. Пойызда келгенше «баламызды баға алмай ауылға апарып тастадық» деген ой жеп, келгенше жылап келдім. Сол ой жолдасым екеуімізді де іштей қатты қайрады. Қайтсек те тезірек үйлі болуды мақсат етіп, бір бірімізді жұбаттық.
Үйге арнап 21 532 теңгеден ай сайын тұрақты түрде банкке аударып отырдым
2008 жылы қыркүйек айында небәрі төрт айлық сәбиіміз ауылда қалды. Келе сала жұмыс таңдамай істеп, ақша жинауға ден қойдық. Бір газетте тілші болсам, екі жерде қосымша гонарарға жазатынмын. Жолдасым да негізгі жұмысынан басқа, бос уақытында қара жұмысқа жегіле бастады. Екеуіміз екі жақтап істеген соң біріміздің ақшамызды пәтерақыға беріп екіншісін жинауға тырыстым. 2008 жылдары “Отбасы банк” жұмысы да әлі жолға қойылмаған болатын.
Тұрғын үй басқармасына барып жас жанұя ретінде үйдің кезегіне тұрдық. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі үй алу үшін шамамен 21 532 теңгеден төлеп отыру қажеттігін алдын ала есептеп берді. Отбасы банк жұмысы жолға қойылмағандықтан, ақшаны жинайтын көк книжка берген болатын. Қазіргідей онлайн аударым жоқ, ақшаны кассаға қабылдап алып көк книжкаға мөр басып беріп отыратын. Ай сайын тұрақты түрде ақша салып отыруды әдетімізге айналдырдық. Ақша жинағанда молынан жинау емес, аз аздан болса да тұрақты салып отыру маңызды екенін сол кезде ұқтық.
Пәтерақыға төлегеннен ауысқанын, ауылдағы қызымызға балаларға арналған сүт алып коробкалап пойызбен салып тұрдық. Ал үйге арналған ақшаны аузымыздан жырып тұрақты түрде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салып отырдық. Ай сайын айлық ала сала банкке асығатынбыз. Жоспарсыз келген премия секілді көлденең келген ақшаны да банкке салып, үйге жинадық.
2010 жылы жер алдық
«Бас екеу болмай мал төртеу болмайды» дегендей, жолдасым екеуіміз күн түн еңбек еттік. Негізгі жұмыстан бөлек талғамай барлық жұмысты істей бердік. Тіпті мектептер үш ай демалысқа шықса, әр кабинетті алып ақысына сырлап, әктеп беретінбіз. Күндіз өз жұмысымызда, кешке жалданып әртүрлі жұмыстарды талғамай істей бердік. Ақша жинала келе жолдасым «пәтер қашан береді, кезегіміз қашан келеді деп отырамыз ба жер алайық» деді. Жер үйде үйренген ауылдың қызы емеспін бе, жер үй жақсы ғой деп келістім. Әр бейсенбі «Крыша» газетін сатып алып жер іздейтінбіз. Ұнаған жерлерді қоршап қоямыз қызыл пастамен. Сосын сенбі, жексенбі сол жерлердің иесіне хабарласып көруге барамыз. Сөйтіп жүріп төрт бес айдан соң Алматының іргесіндегі Абай ауылынан он соттық жер ұнап, 1 млн 800 мыңға сатып алдық. Дәл қазір ол жердің әр соттығы 5 млн екенін ескерсек, ол жер өте сәтімен келген жер болды. Бірақ сол жылдары 1 млн 800 мың сұмдық құнды болатын. Дегенмен жерді алған соң, жаз шыққанша пәтерге төлейтін қаржыға екі бөлмелі үй соғуға болатынын есептеп, қайтадан жанталасып жұмыс істеп жүріп үш айда шағын “времянка» соғып алдық.
Қызымызды ауылдан қайтарып алдық
Бір кездері ішіп жемі уайым жас жанұяның тұңғыштарын ауылға апарып тастаған соң екі жыл ішінде жер сатып алып, шағын болса да «времянка» соғып алуымыз өзімізге үлкен қуаныш болды. 4 айлығында ауылға апарып тастаған қызымызды 2 жас 4 ай болғанда кері қайтарып алдық. Сол аралықта қанша қиналсақ та, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ақша жинауды да тоқтатпадық. Ол кәдімгі төленуі тиіс салықтай, еш сылтаусыз, міндетті салынатын ақшаға айналды. Тіпті арасында ойламаған жерден жолдасыма немесе маған премия түссе бірден апарып аталмыш банкке салатынбыз. Яғни ол жоспарланбаған ақша ретінде жоқ санап, болашағымызға жинай бердік.
2019 жылы қос үйлі болдық
Одан кейінгі жылдары жолдасым ауырып ол үйді үлкейту туралы ойламадық, денсаулықпен алысып кеттік. Кейін денсаулық қалыпқа келген соң кішкентай баспананы үлкейтуді ойлап 2017 жылы он соттық жерімізге екі қабатты үйдің іргетасын бастап құйдық. Екі жыл дегенде екі қабатты үйді көтеріп, шатырын жаптық. Ол уақыт аралығында Отбасы банк құрылып, оның жұмысы да жолға қойыла бастаған еді. Сайтын ақтарып отырып, өзіміз салынып жатқан үйдің құрылысын бақылап, тіпті сұраныс беруге болатынына көзім жетті. Нұркент ықшам ауданынан өзіме ұнаған қабаттан, бір бөлмелі үйге тапсырыс бердім. Ақшаны үзбей салып отырғандықтан менің ОП яғни бағалау көрсеткішім де жоғары екенін, қалаған үйімді талассыз алатынымды байқадым. Тіпті осы тоғыз жыл ішінде қалаған үйімнің ақшасын да 8 млн 35 мың ақшаны да толығымен жинап қойыппыз. Банк үйдің құжаттарын рәсімдеп жатқанымда қаласам үйдің жөндеу жұмысына деп 4 пайызбен несие алуға болатынын айтты. Көп ойланбастан 7 млн алып екі қабатты жер үйдің жөндеу жұмысын толық аяқтадық. Неше жыл тұрақты ақша жинау Отбасы банктың сеніміне кіріп қарызсыз үй алуға ғана емес, ең төменгі пайызбен жөндеу жұмысына да ақша беруіне мүмкіндік берді. 4 пайыздық несие еш жерде жоғын ескерсек, екіқабатты үйімді ойдағыдай бітіруге жол ашты. Бір үйді неше жыл ақша жинап қарызсыз алсам, жер үйді банк арқылы төменгі пайызбен несие алып бітіріп алдым. Сол жылы зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға болатыны туралы Президентіміз Тоқаевтың шешімі күшіне еніп, көп ұзамай жолдасым екеуіміз зейнетақы қорындағы қаражатпен ипотеканың басым бөлігін жаптық. Сөйтіп екі айдың ішінде екі қабатты үлкен үйді аяқтап кіріп, қаладан алған бір бөлмелі үйді пәтерге беріп үлгердік. Екі жақтап жұмыс істеп екі жылға жетпей оның ипотекасын да жаптық. Мақтанғандай болмайын деп, үйдің суретін түсіруге ыңғайсызданып, компьтермен дәл сол үйдің эскизін салып шығып, қоса тіркеп отырмын. Яғни арманымыздағы үйде қазір тұрып жатырмыз. Ал екінші үйді пәтерге бердік.
2023 жылы үшінші үйді алдық
Бір кездері қиналғаннан қос қостан жұмыс істесек, уақыт өте сол әрекет әдетке айналып екі жақтап қатар жұмыс істей бердік. Жақында қаладағы үйді кепілге қойып, несие алып дайын ақша ретінде тағы үшінші үйімізді алдық. Дайын ақшаға алуымызға байланысты құрылыс компаниясы 15 млн-ның үйін 14 млн-ға берді. Оған өзіміз жинаған ақшамызды қосып, тағы үйлі болдық. Қызымызды ауылға апарып тастаған уақытта, «қанша балам болса сонша үйім болады, ұрпағымды ешкімнің босағасына тілміртпеймін» деп өзіме уәде берген едім. Сол арманымыз биыл толық орындалды. 2019 жылы екі қабатты үй мен қаладағы пәтерге қол жеткізсек, 2023 жылы, яғни биыл төрт жылда үшінші үйді алдық.
Ақша үнемділік пен ұқыптылықты жақсы көреді
Осыған дейінгі қаладан алған үйімізді үлкен қызымызға арнасақ, жер үйді ұлымызға арнап, ал мына жолғы үшінші пәтерімізді кіші қызымызға арнадық.
Қазір күрделі жөндеуді аяқтап үйді жалға бердік. Осылайша ипотеканың ай сайын төлейтін суммасын жалдық құнымен өзін өзі ақтап отыр. Арасында ауысқан қаржыны тағы салып отырсақ бұл ипотеканы да еңсереміз деген ойдамыз. Ең бастысы үш балама үш үй мақсатым орындалды. Үй алуда қаржылық сауаттылықтың орны бөлек.
- Мүмкіндігінше жалақының бір бөлігін үлкен жоспарларға жинап отыруды әдетке айналу керек
- Құрылыс жүргізіп жатсаңыз мүмкіндігінше құрылыс материалдарын қыста алып қойған дұрыс. Өйткені қыста құрылыс заттары арзан. Қарызданбай жалақымен үй салуымыздың сыры, құрылыс материалдарын тек қыста алып, жаздағы жалақымызбен жұмысшылардың жалақысын төлеп отыруымыз деп білемін
- «Есектің артын жусаң да мал тап» ұранымен үш жыл өмір сүрсеңіз, алдағы қалған рахат өміріңіздің кепілі
- Үнемі мемлекеттік бағдарламалармен, шартымен танысып отырыңыз
- Балаларды үйлі қылсаңыз, олардың алдағы уақыттағы бар мақсаты өзін дамыту, білім алу болады. Соны ескеріңіз
- Қаржы жинағанда нақты мақсат қойыңыз
Қуаныш Ермекова