Ішкі істер министрлігінің басшысы Ержан Сәденов Талдықорған полициясы бастығының кабинетіндегі зорлау дерегі бойынша мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Талдықорғанда болған кейінгі резонанстық оқиғаға байланысты Ішкі істер министрі Ержан Саденов ІІМ орталық аппараты қызмет басшыларынан құралған арнайы топпен Жетісу облысына барды.
Ведомство басшысы өзінің сапары аясында өңір полициясының жеке құрамымен және ІІО ардагерлерімен кездесу өткізді. Отырысқа облыс әкімі Бейбіт Исабаев та қатысты.
«Ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғайтын полиция қызметкері үшін заң мен тәртіп бірінші орында болуы керек. Құқыққа қайшы келген азаматтар мен полицейлердің заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылуы тиіс. Заң бәріне ортақ», – деді министр Ержан Саденов.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов қызметінен босатылды.
Оның бірінші орынбасары Жасұлан Байкеновке қызметтік сәйкестіктің толық еместігі туралы ескертілді.
Облыстық департамент бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Талант Жұмабеков пен тергеу бойынша орынбасары Мақсат Ережепов те өз қызметтерінен босатылды.
Еске салайық, бұған дейін Талдықорған полиция басқармасының басшысы әйел зорлады деген күдікке ілінгені хабарланды. Кейінірек ол 2 айға қамауға алынды.