Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-7 C
Nur-Sultan
-5.1 C
Almaty
0.3 C
Shymkent

«Өзім сене алмай отырмын». 20 миллионыншы қазақстандықтың әкесі сұхбат берді

Танымал

Ел аузында

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Бұл жаңалықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады. Massaget.kz тілшісі 20 миллионыншы қазақстандықтың әкесімен сұхбаттасты.

Баланың әкесі Мұхтар Азимбаев – Жетісу облысының тұрғыны, әскери саладағы қызметкер.

«Өзім әскери адаммын. 1989 жылы дүниеге келгенмін. Әскери адам болған соң 2013 жылы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтын бітіргенмін. 2009 жылы Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтына оқуға түсіп, 2013 жылы бітірдім. Сол уақыттан бері Жоғары қолбасшылық бұйрығымен Талдықорған қаласында әскери қызметке келдім. Қазір Талдықорған қаласы 21 751 әскери бөлімінде қызмет етіп жатырмын», – дейді ол.

Мұхтардың жұбайының есімі – Диана Азимбаева. Ол 1996 жылы дүниеге келген. Диана төлем орталығында жұмыс істеген. 

Мұхтар мен Диана 2015 жылы шаңырақ көтерген. Ал биыл олар көпбалалы ата-ана атанып отыр.

«Екеуміз 2015 жылы отау құрдық. Қазір 4 баламыз бар. Біріншісі – 2016 жылы туған Айзере Сәбденбай есімді қызымыз, екіншісі – 2018 жылы туған Мұхаммедәмин Сәбденбай есімді ұлымыз, үшіншісі – 2020 жылы дүниеге келген Мейран Сәбденбай есімді ұлымыз. Ал 14 қарашада дүниеге келген – төртінші балам», – дейді ол.

Мұхтар Азимбаев ұлына қандай есім таңдағандарын да айтты.

«Енді 1 қыз, үш ұлымыз бар. Көпбалалы отбасы атағына ие болып отырмыз. Жолдасымыз екеуміз ақылдаса келе балаға Айсұлтан деген ат қойдық. Әке-шешелеріміз де өздерінің ұсыныстарын айтып жатыр», – дейді ол.

Баланың ата-анасы қуаныштан бұл жаңалыққа әлі де сене алмай отыр екен.

«Шынын айтайын, өзім кеше біліп отырмын. Менде мұндай бірінші рет болып тұр. Қуанышты сезім, сөзбен жеткізе алмаймын. Балалар да қатты қуанып жатыр. Өзім сене алмай отырмын. Әлі ешкімге ештеңе айтқан жоқпын, ешкім білмейді. Босанғанын біледі, 20 миллионыншы қазақстандық болып жатқанын білмейді», – дейді ол.

Мұхтар Азимбаев жан-жақтан хабарласып жатқанын айтады.

«Туа сала жан-жақтан хабарласып жатыр. «20 миллионыншы тұрғын сіздің ұлыңыз, құттықтаймыз. Біраз уақыттан кейін хабарын айтамыз» деп әкімдіктен хабарласты», – дейді Талдықорған тұрғыны. 

Қазір 20 миллионыншы қазақстандық Айсұлтанның да, оның анасының да жағдайы жақсы екен. Әкесінің сөзінше, ертең перзентаханадан шығаратындарын айтқан.

«Босандырған дәрігер Рамия Рамильевнаға, босанудан кейінгі бөлімдегі емдеуші дәрігерім Балауса Аюбхановнаға, босанудан кейінгі бөлім меңгерушісі Зейнегул Бейсенгаливнаға, акушер қыздар Альфия Бейсенбаевнаға, Оляға үлкен алғысымды білдіремін. Өз жұмыстарының кәсіби мамандары деп толық айта аламын», – дейді баланың анасы Диана Азимбаева.

Айта кетейік, халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны өмірге келгені хабарланды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев X-парақшасында жазды.

«Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», – деп жазды Президент. 

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» атты форумы өтті. Тәртіп сақшыларының қызметтік жүйесі бойынша пробациялық есепте тұрған...