Алматы облысындағы «Байсерке-Агро» жылқы зауытында Қостанай жылқы тұқымын жандандыруға және елімізде ат спортын дамытуға арналған дөңгелек үстел жиыны өтті. Онда Қазақстанның асыл тұқымды жылқы зауыттарының, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдар және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒБО) өкілдері Қостанай жылқы тұқымын жаңғырту жөніндегі жоспарлар мен жол картасын талқылады.
«ҰАҒБО» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Қасеновтің айтуынша, елімізде спорттық жетістіктер тұрғысынан да, туристік және экологиялық бағыт ретінде де ат спорты мен жылқы шаруашылығын дамытудың маңызы өте зор. Қазақстанның жері мен инфрақұрылымындп ат спортын дамыту үшін жағдай да бар.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша «ҰАҒБО», «Байсерке-Агро» және «Қазақ тұлпары» өкілдері Қостанай жылқы тұқымын жаңғырту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісімшарт аясында «Байсерке-Агро» агрохолдингі инфрақұрылымды, зертхананы тегін ұсынады, сондай-ақ селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты қаржыландырады. Ал «ҰАҒБО» осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға қолдау және жәрдем көрсететін болады.
Қостанай жылқы тұқымы – арнайы спорттық бағыттағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын қазақтың жалғыз спорттық ат тұқымы. Ол 1951 жылы Қостанай, Майкөл және Троицк (Ресей) жылқы зауыттарында қазақ биелерін қалмақ, дон, стрелец, орлово-рустончинск, англо-араб және асыл тұқымды жылқы тұқымдарының айғырларымен қашыру арқылы шығарылды. Қазір Қостанай тұқымының мал басы Қостанай облысындағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытында, сондай-ақ Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында шоғырланған.
Қостанай жылқы тұқымы – күшімен, төзімділігімен ерекшеленеді және Қазақстанның климатына жақсы бейімделген. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта жылқының бұл бірегей тұқымының жойылып кету қаупі бар. Атап айтқанда, Асыл тұқымды кітапта 200-ден аспайтын ғана мал басы болса, «Қазақ тұлпары» асыл тұқымды зауытында (Қостанай жылқы зауыты) – 48 ғана бас бар.