ҚазҰУ-да «Жасанды интеллект дәуірі: Баспа ісі, медиа және дизайн» атты халықаралық күзгі мектеп басталды

Танымал

Ел аузында

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлттық баспа күніне орай «Жасанды интеллект дәуірі: Баспа ісі, медиа және дизайн» атты ІІ Халықаралық күзгі мектептің ашылу салтанаты өтті. Баспа ісі, журналистика және дизайн саласының мамандарын тоғыстырған шарада жасанды интеллектінің медиа өндірісіне ықпалы, кітап индустриясының цифрлық трансформациясы және жаңа дәуір маманына қажетті кәсіби дағдылар кеңінен талқыланды.

Ақпарат ағыны толассыз жаңарып, технология адам еңбегінің сипатын өзгертіп жатқан кезеңде баспа мен медиа саласы да жаңа талаптарға бейімделіп келеді. Әсіресе генеративті жасанды интеллектінің дамуы журналистің жазу мәнерінен бастап, редактордың жұмыс тәсіліне, дизайнердің шығармашылық ізденісіне дейін әсер етуде. Осындай өзгерістер жағдайында кәсіби тәжірибе алмасу мен жаңа білімді игерудің маңызы арта түсті.

Осы мақсатты көздеген халықаралық күзгі мектепті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы ұйымдастырып отыр. Оған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, баспа мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысады. Шара онлайн және офлайн форматта өткізіліп, халықаралық ұйым өкілдері, белгілі журналистер, баспа саласының мамандары мен дизайнерлердің шеберлік сыныптарын қамтиды. Бағдарлама соңында қатысушыларға 72 сағаттық сертификат табысталады.

2026 жылдың 5 қарашасында халықаралық күзгі мектептің ашылуы өтті. Салтанатты жиынды Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі Айгүл Рамазан ашып, қатысушыларды таныстырды. Сонымен қатар күзгі мектептің ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен серіктестерге алғыс білдіріп, шараның маңызын атап өтті.

Жиын модераторы, журналистика факультетінің деканы Ысқақ Егембердиев жасанды интеллектінің дамуы шығармашылық еңбектен бас тартуға себеп болмауы керектігін айтты. 

«Сөзден іске көшетін уақыт келді. Жазудан қашпаңдар, мұқалмаңдар. Жасанды интеллект бар екен деп жазуды тоқтатуға болмайды. Адам бар кезде жазу өлмейді», – деді ол.

Бұл пікір бүгінгі журналистикадағы өзекті мәселеге назар аудартты. Технология ақпаратты жылдам әзірлеуге мүмкіндік бергенімен, оның орнын адамға тән ойлау, сезіну, саралау және жауапкершілік қасиеттері толықтыра алмайды. Сондықтан жасанды интеллектіні меңгеру ғана емес, оны орынды әрі сауатты пайдалану да маңызды.

Күзгі мектептің ашылу салтанатында Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир онлайн форматта құттықтау сөз сөйлеп, халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Сондай-ақ Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығының төрағасы Әділ Қойтанов пен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Салменбаева қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.

Күзгі мектептің алғашқы баяндамашыларының бірі – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ бас продюсері Болат Мүрсәлім. Ол «Телевизияда жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесі мен этика мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, отандық телевизиядағы жаңа технологияларды пайдалану тәжірибесімен бөлісті.

Баяндамашының мәліметінше, «Қазақстан» телерадиокорпорациясында жасанды интеллект көмегімен әзірленген алғашқы анимациялық фильм 2025 жылдың 1 мамырында жарық көрген. Содан бері осы технологияның көмегімен 28 анимациялық фильм жасалған. Бұл – жасанды интеллектінің отандық телевизия өндірісіне де ене бастағанының бір көрінісі. Дегенмен жаңа технологияны қолдану шығармашылық үдерісті жеңілдетумен ғана шектелмейді. Оның артында кәсіби және этикалық жауапкершілік тұруы керек. Осы орайда спикер корпорация ұстанатын негізгі этикалық қағидаларды атап өтті. Біріншісі – контент әзірлеу кезінде жасанды интеллект құралдарының қолданылғанын ашық көрсету. Екіншісі – жасанды интеллект ұсынған ақпаратты міндетті түрде тексеру. Өйткені технологияның жылдамдығы ақпараттың шынайылығына кепіл бола алмайды.

Баспа саласындағы өзгерістерге тоқталған «AmalBooks» баспа үйінің директоры, жазушы әрі саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай болашақ баспагерге қажетті бес дағдыны ұсынды. Оның пікірінше, кәсіби маман қаржы таба білуі, өнімін сата алуы, келіссөз жүргізуі, зейінін шоғырландыруы және жауапкершілік алуы керек. Спикер бұл дағдыларды атап қана қоймай, бүгінгі студенттердің кәсіби қалыптасуына кедергі келтіретін мәселелерге де тоқталды. Оның пайымынша, баспагер болу үшін кітаптың мәтіні мен көркем безендірілуін білу жеткіліксіз. Нарықтың талабын түсініп, оқырман сұранысын бағамдап, шығармашылық идеяны нақты өнімге айналдыра білу қажет. Яғни қазіргі баспагер редакторлық қабілетімен қатар, кәсіпкерлік ойлау жүйесін де меңгеруі тиіс.

«Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті, Қазақстан Әйел журналистер клубының жетекшісі Назия Жоямергенқызы «Жасанды интеллект және баспа медиа: жаңа мүмкіндіктер, кәсіби жауапкершілік және журналистиканың болашағы» тақырыбында баяндама жасады. Ол ақпарат тарату мен тұтыну мәдениетінің өзгеруіне назар аударып, журналистиканың жаңа технологиялармен қатар дамуы қажеттігін айтты.

«Дәл қазір журналистика жаңа дәуірдің алдында тұр. Ақпарат тұтыну мәдениеті өзгерді, жылдамдық пен сенім арасындағы бәсеке күшейді, баспасөз жаңа технологияларға бейімделуде», – деді Назия Жоямергенқызы.

Шынында да, бүгінгі медиакеңістікте ақпараттың жылдам таралуы оның сапасы мен шынайылығына қойылатын талапты төмендетпеуі керек. Керісінше, ақпарат көлемі артқан сайын журналистің деректі тексеру, жалған мәліметті ажырату және оқырман сенімін сақтау міндеті күрделене түседі. 

Ал филология ғылымдарының кандидаты, PhD, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің профессоры Аязби Бейсенқұлов «Мәтіннен визуалға бетбұрыс және ЖИ дәуіріндегі педагогикалық креативтілік» тақырыбын қозғады. Баяндама барысында халықаралық кітап нарығындағы төрт негізгі белгіге тоқталып, ChatGPT Edu мен Gemini Notebook құралдарының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстырды. Сондай-ақ мәтіндік ақпараттан визуалды мазмұн жасау үдерісі мен білім беру саласындағы жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін сөз етті.

ІІ Халықаралық күзгі мектептің бағдарламасы генеративті жасанды интеллект және медиа өндірісінің болашағы, жасанды интеллект дәуіріндегі редакциялау мен медиамәтін сапасы, генеративті медиадизайн және визуалды сторителлинг, кітап индустриясының цифрлық трансформациясы, медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік, платформалық журналистика, медиасауаттылық пен цифрлық этика бағыттарын қамтиды.

Шараның ресми серіктестері қатарында ҚР Ұлттық кітап палатасы, Қазақстан Дизайнерлер одағы, «Qazaq Gazetteri» ЖШС, «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қоры, «Шалқар» радиосы, «Заң» медиа корпорациясы, Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығы бар.

Бүгінгі баспа ісі мен журналистика алдында тұрған басты міндет – технологияны меңгеру ғана емес, оның мүмкіндігін адам мүддесіне сай пайдалану. Жасанды интеллект мәтін әзірлеп, кескін жасап, ақпаратты сараптауға көмектескенімен, сапалы туындының негізінде әлі де адамның ойы, талғамы мен жауапкершілігі жатыр.

Халықаралық күзгі мектептің ашылу салтанаты қатысушылардың естелік суретке түсуімен аяқталды. Алдағы күндері өтетін кездесулер мен шеберлік сыныптары баспа, медиа және дизайн мамандарының тәжірибе алмасуына, жас буынның кәсіби көкжиегін кеңейтуіне мүмкіндік бермек.

Дариға ДОСАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің 

4-курс студенті

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Жетісу облысындағы инсульт орталықтарында Cerebra жасанды интеллект жүйесі енгізілді

Жетісу облысындағы барлық инсульт орталықтарында ишемиялық және геморрагиялық инсультті автоматты түрде анықтауға және диагностикалауға арналған Cerebra жасанды интеллект жүйесі...