2023 жылғы 14-23 желтоқсан аралығында ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия ХКҰ Миссиясының Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жергілікті атқарушы органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылын нығайту тұрғысынан еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірудің өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстелдер сериясын өткізді.
ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішевтің сөйлеген сөзі дөңгелек үстелге қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Комиссия төрағасының орынбасары өз сөзінде Қазақстанда адам құқықтарын сақтау мәселелерінің халықаралық міндеттемелері тұрғысынан өзектілігін, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруде және еңбекші-мигранттардың әлеуметтік-экономикалық, еңбек, азаматтық және мәдени құқықтарын нығайтуда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауларын есепке алудың маңыздылығын атап өтті.
Бұдан әрі Комиссия төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатында көші-қон саясаты оның маңызды стратегиялық бағыттарының бірі болып табылатынын және:
сыртқы көші-қон саласында – этникалық репатриацияны (қандастарды) ынталандыруға және жоғары білікті еңбекші-мигранттарды тартуға;
ішкі көші-қон саласында – экономиканың қажеттіліктеріне сәйкес және олардағы демографиялық жағдайды ескере отырып, халықты солтүстік өңірлер бойынша қоныстандыру проблемаларын шешуге бағдарланғанын атап өтті.
Сондай-ақ Комиссия төрағасының орынбасары Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев заңның үстемдігіне және қазақстандық қоғамда құқықтық мәдениетті орнатуға, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері аясында әркімнің конституциялық құқықтарын сақтауға маңызды мән беретінін ерекше атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында адам құқықтары мен бостандықтарын, оның ішінде Қазақстан Республикасының Конституциясымен және қолданыстағы заңнамасымен кепілдендірілген мигранттардың құқықтарын іске асыру, халықаралық стандарттарға сәйкес адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша мүдделі пікір алмасу өтті.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде халықаралық құқық нормаларын имплементациялау, адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіру мәселелері, сондай-ақ Қазақстанда адам құқықтарын сот арқылы және соттан тыс қорғауды жетілдіру мәселелері қозғалды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстан ратификациялаған адам құқықтары жөніндегі халықаралық шарттардың адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірудегі және адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстелдердің әзірленген ұсынымдары уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.