Alageum Electric компаниялар тобы қазақ тілін қолдау үшін QAZAQ TILI Endowment қорына 100 миллион теңге жарна аударды.
Бұған дейін биылғы жылдың 7 желтоқсанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы болып аталған қорға жеке қаражатынан 7 млн. теңге аударды.
“Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының тұрақты және ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Ана тілі – қазақ қоғамының құндылықтарының айнасы. “A l a g e u m E l e c t r i c ” әрқашан қазақ тілін және ұлттық мәдениетімізді сақтауға ерекше назар бөледі. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту шараларына үлес қосу – бұл біздің міндетіміз. Барлық тіл жанашырларын осы бастамаға үлес қосуға шақырамыз”, – деді “A l a g e u m E l e c t r i c ” Компаниялар тобының негізін қалаушы Сайдолла Қожабаев.
Эндаумент қорының басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету.
Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс «Қазақ тілі» қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады.
QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды.
Анықтама:
Alageum Electric компаниялар тобы – еліміздегі электротехника саласындағы аса ірі компания. Ол құрамына электротехника, электромашина жасау және құрылыс салаларында сәтті жұмыс істеп жатқан 30-дан аса ірі кәсіпорын мен зауыттарды біріктіреді. Компания өнімдері отандық және халықаралық сапа стандарттарына сай келеді. Компания өнімдері ТМД мен Таяу Шығыс елдеріне экспортталады.