Қазақстанда 1 қаңтардан бастап зиян еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер үшін арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арнаулы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары мынадай: 55 жасқа толу және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл көлеміндегі кәсіптік зейнетақы аударымы болуы.
«Арнаулы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Бұдан бөлек жұмыскерлерге БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлем алу құқығы беріледі», – делінген ведомство хабарламасында.
Арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібінде және тағы басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескергенде, 2024 жылы оған 37 мыңнан аса жұмыскер, 2030 жылы 58 мыңнан аса, 2035 жылы 95 мыңнан аса жұмыскер үміткер бола алады. Осылайша, әлеуетті төлем алушылар саны жыл сайын ұлғаяды. Алдын ала деректер бойынша 2024 жылы арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері жалпы алғанда 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинаққа байланысты болады. Бұл ретте жыл сайын арнаулы әлеуметтік төлем мөлшері ең төмен күнкөріс мөлшері ұлғаюына байланысты өседі. Алдын ала есептеулер бойынша 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері 339 мың теңге, ал 2035 жылы 519 мың теңге болады», – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова зиян еңбек жағдайында жұмыс істейтін, 55 жасқа толған кеншілер арнаулы төлемді алу үшін не істеу керегін түсіндірген еді.