Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-7 C
Nur-Sultan
-5.1 C
Almaty
0.3 C
Shymkent

Севан Бычакчы: Түркияның «Сақиналар әміршісі»

Танымал

Ел аузында

Тарихы тереңге бойлаған Түркияның зергерлік бұйымдар әлемінде де өз айтары бар. Төрткүл дүние мойындап, талантымен талайды тамсандырған шеберлер Түркияда аз емес. Бірақ солардың ішінде бірегейі деп Севан Бичакчиді айтуға болады. «Ел ерімен мақтанады» демекші, түріктер ерекше құрметтейтін Бичакчидің зергерлік үйіне бас сұқпай кетпеске болмас еді. Сол үшін де сапар барысында «Сақиналар әміршісі» атанып кеткен Севан мырзаның шеберханасына табан тіредік.
Севан Бичакчи жарнамаға мұқтаж жан емес, оның он саусағынан шыққан туындының қай-қайсысы да шедевр болатынын менмін деген зергерлердің өзі жақсы біледі. Біздің мақсат – сол сұлулыққа аз да болсын жақындау, оны көзбен көріп, қолмен ұстау. Оның үстіне шебердің ешбір әшекейі қайталанбайды. Ал бұл нәзікжандылар үшін өте маңызды. Сол үшін де оның әр туындысын демімізді ішке тартып тамашалағанымыз рас.
Бичакчи зергерлік іске 12 жасында бет бұрған. Гранд Базар маңында жасөспірім кезінен сол заманның шебері Овсеп Чатактың көмекшісі қызметін атқарып жүріп, өзіндік стилін қалыптастыра алған жандардың бірі.
– Техниканы үйретуге болады, бірақ құмарлық дегеніміз – басты ингредиент, ол не бар, не жоқ, – деген бір сұхбатында.
Айтпақшы, зергердің шеберханасы да сол Гранд Базар аумағында – түрік, Осман және Византия орталығы саналатын 600 жылдық тарихы бар ауданда орналасқан. Сол үшін де шығар, оның әр туындысы тарихпен ұштасып жатқандай әсерлі.
Аталған брендтің маркетинг жөніндегі директоры Али Тунайдың сөзіне қарағанда, шебер Ыстамбұлдың өткенінен, мәдениеті мен тарихынан шабыт алады. Ал туындылардың қай-қайсысы болсын тек жалғыз данамен жасалады.
– Зергерлік бұйымдардың ешқайсысы бір-бірін қайталамайды. Бұл бір дизайн тек бір рет қана жасалады деген сөз. Ол сізге ғана тиесілі. Зергерлік бұйымға көз жүгірту арқылы тарихпен эмоциялық тұрғыда байланыс орнатқандай боласыз. Біз микромозайкаларды, ерекше тастарды, каллиграфияны көптеп қолданамыз. Яғни бұл бізді, Ыстамбұл тұрғынын ерекшеп тұратын фактор, – деді директор.
Танымал зергер өзінің жеке коллекциясын көпшілік назарына алғаш рет 2002 жылы ұсынып, сол сәтте-ақ сыншылар оған жоғары бағасын берген. Содан бері оның алмаған сыйлығы жоқ. Әлемнің үздік зергерлерінің бестігіне де енген.
– Ыстамбұл ДНҚ-сы – оның ДНҚ-сы. Біздің бренд Түркияда ғана емес, АҚШ, Еуропада да танымалдылыққа ие. Ыстамбұлда үш дүкеніміз бар, жақында Майамиде бутик ашамыз, – дейді Тунай.
25 жыл бойы талмай-тынбай еңбек етіп келе жатқан шебер әлі күнге дейін әр туындыға өзі жіті мән береді екен. Өзі БАҚ беттерінде жиі көрінбегенімен, оның туындыларына сұрыныс артпаса, кеміген емес. Голливуд жұлдыздарына дейін Бичакчидің зергерлік бұйымдарын аттай қалап алдыртып жатады. Олардың қатарында Брук Шилдс, Кэтрин Зета-Джонс, Элизабет Херли, Лив Тайлер, Холли Берри, Мэрайя Кэри, Селин Дион, Леди Гага және Рианна секілді өнер иелері бар.
Бүгінде шеберханада 100-ден астам адам еңбек етеді. Ал әр әшекейді жасауға бірнеше ай уақыт кетеді екен. Қызметкерлердің сөзіне қарағанда, жылына 350-ге жуық зергерлік бұйым көпшіліктің назарына ұсынылады. Ал олардың бағасы сан түрлі – 8 мың доллардан басталып, бірнеше жүз мыңдаған долларға дейін жалғаса береді.

Мадина Асылбекова.

www.goturkey.com

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» атты форумы өтті. Тәртіп сақшыларының қызметтік жүйесі бойынша пробациялық есепте тұрған...