Псориаз – адамның иммунды жүйесі қателесіп, терінің сау жасушаларына шабуыл жасайтын патология. Нәтижесінде терінің бетінде қабыршақты бөртпе пайда болады және ол қатты қышуы және ауыруы мүмкін. Кейде ауру буындар мен көз қабынуымен қатар жүреді.
Медицинада толықтай емдеуге келмейтін дерматологиялық ауру түрлері бар. Олардың дамуын бақылауға болады, бірақ оның созылмалы кезеңіне адам көнуге мәжбүр. Ол әртүрлі жастағы адамдарда пайда болуы мүмкін, бірақ жиі 16-22 жас және 60 жастан асқан науқастарда кездеседі.
Псориаздың белгілері
Псориаз әр кезеңде әртүрлі белгі береді. Қабыну процесінің және қабыршақтардың көп түзілуінен теріде қызыл дақтар пайда болады. Түйіншіктер бастың шаш өсетін бөлігіне, шынтақ пен тізеде, арқаның төменгі бөлігіне және тері қыртыстары бар жерлеріне пайда болады. Псориаз асқынған кезінде оның белгілері қатты байқалады және психологиялық та, физикалық та жағымсыздық сыйлайды.
Оған мына белгілер тән:
Қатты қышу;
Тері тартылып тұрғандай сезім және жырықтар;
Буындардың ісіп кетуі және ауыруы;
Тырнақтардың үгітілуі және қабыршақтануы;
Саусақ ұштарында жырықтардың пайда болуы;
Ауыз қуысында қызыл еттің қабынуы.
Псориаздың пайда болу және даму себебі
Медицинада псориаздың ағзада пайда болуына және дамуына қатысты нақты жауап жоқ. Бұл көп факторлы ауру. Псориаз мына себептермен пайда болуы және дамуы мүмкін:
Неврологиялық және эндокринді бұзылыстар;
Тері зақымы және күнге күю;
Зат алмасудың бұзылуы;
Иммунды бұзылыстар;
Күйзеліс.
Псориаз жұқпалы ма?
Оны жұқпалы деп ойлайтын адамдар бар. Дегенмен, ол қате түсінік. Бұл — аутоиммунды ауру. Яғни, иммунды жүйе қалыпты жұмыс істемейді дегенді білдіреді. Ауруды бірге тамақ ішкеннен, байланысқаннан немесе сауна, бассейнде жұқтырып алу мүмкін емес.
Псориазды толықтай емдеу мүмкін емес, десе де оның дамуын бақылауда ұстауға болады. Сондықтан теріңізге қандай да бір бөртпелер пайда болса, оны міндетті түрде дәрігерге көрсетіп, диагнозын біліп, емделген жөн.