Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-7 C
Nur-Sultan
-1.1 C
Almaty
6.3 C
Shymkent

Өлім аузында: жетінші аурухана дәрігерлері аса ауыр халде жеткізілген келіншектің өмірін сақтап қалды

Танымал

Ел аузында

37 жастағы келіншек Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық ауруханаға іріңді перитонитпен жеткізілген, деп хабарлайды аурухана баспасөз қызметі.
Өзінің айтуынша, іші ауырып, жүрегі айныған, тәулігіне 2-3 ретке дейін құсқан, әлсіреп, қызуы көтерілген, іші өткен. Аурухананың қабылдау бөлімінде жүргізілген тексерулер нәтижесінде қанда қауіпті клиникалық өзгерістер бары анықталды. Жамбас қуысы мен іш құрылыстағы іріңді процесс салдарынан пациент ағзасы уланып, ауыр халге жеткен.
Кезекші хирург Фараби Стамқұлов жалпы хирургия ғана емес, гинекология саласындағы кәсіби білімнің арқасында емдеу тактикасын дұрыс таңдап, науқасты бірден әйелдер дәрігеріне жолдады.
«Жанын қинаған аурудан арылтуды ғана емес, репродуктивті органдарын сақтап қалуды өтінген пациенттің жағдайы жанымызды ауыртты. Науқас аса ауыр халде еді. Оның үстіне, соңғы 7 күн бойы өзін-өзі емдеумен айналысып, ауруханаға кеш келгенін ескере отырып консервативті терапияның нәтиже бермесін түсіндік. Сондықтан хирургиялық жолмен емдеу қажет деген шешім қабылданды», – дейді ота жасаушы гинеколог – хирург Жібек Жаналиева.
Дәрігерлер лапаротомиялық операция жасап, перитонит салдарынан ағзасы улаған келіншекті ажалдан арашалап қалды. Операция МӘМС пакеті шеңберінде жасалды. Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылдан бері жоспарлы медициналық көмек қана емес, сақтандырылған тұрғындарға көрсетілетін шұғыл медициналық көмек те МӘМС арқылы қаржыландырылып келеді.
«Өкінішке орай, әйелдің репродуктивтік ағзаларын сақтап қалу мүмкін болмады. Өйткені, жатыр түтікшесінен 150-200 млр сұйықтық алынды, жақын маңдағы органдар іріңді фибриндермен бүлінген. Сондықтан инфекция ошағын – жатырдың екі түтікшесін де алып тастау туралы шешім қабылдадық. Операция барысында бауырдың астында ерекше орналасқан аппендикс өскінін табу да оңайға соққан жоқ. Оның үстіне, 3-4-ші деңгейлі семіздік пен бұрын-соңды іш қуысына жасалған операциялардан пайда болған жабысу процесі жағдайды қиындата түсті», – дейді Жібек Жаналиева.
Отадан кейін науқас салалық бөлімшеге ауыстырылды. Ағзаның уланғанына, операцияның күрделі болғанына қарамастан пациент бірінші күні-ақ есін жиып, жағдайы жақсара бастады, ал отадан кейін жеті күн өткенде ауруханадан шықты.
Пациент пен оның туыстарының аурухана дәрігерлеріне алғысы шексіз.
«Әпкемнің өмірін сақтап қалған 7-ші аурухана дәрігерлеріне айтар алғысым шексіз. Шұғыл көмекпен қатар психологиялық қолдау көрсеткен қабылдау бөлімшесі меңгерушісі Асылбек Ұлсерікұлына, гинеколог – хирург Жібек Рысбекқызына, гинекология бөлімшесі меңгерушісі Сәулеш Мұқтарқызына алғысымыз шексіз. Қиын сәтте ауыр халде жатқан науқасқа аурухана қызметкерлерінің білікті көмек көрсеткені ерекше қуантты. Көп рақмет!», – дейді оның туысы Ирина Горбачева.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» атты форумы өтті. Тәртіп сақшыларының қызметтік жүйесі бойынша пробациялық есепте тұрған...