Табиғат апаттары айтып келмейді. Бірі қарапайым жаңбыр суынан, бірі қар көшкіні, бірі сел болып, бірі жер сілкінісі түрінде кездесуі мүмкін. Соңғы күндері еліміздің кей облыстарында су тасқынына байланысты төтенше жағдайлар жарияланды. Осыған орай, су тасқыны кезінде қандай сақтық шараларын жасау керегін ұсынамыз.
Еске салайық, Батыс Қазақстан облысында қардың қарқынды еруі және жауын-шашынның көп түсуі нәтижесінде тұрғын үйлердің ішіне су кірді. Ақтөбе облысының үш ауданында су тасқынына байланысты жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Абай облысындағы Аягөз және Ақсауат аудандарында да жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
Жалпы сел және су тасқыны кезінде қандай сақтық шараларын жасау керек?
Су тасқыны – таулы өңірлерде, сай-салаларда жаңбыр суы мен қаң суынан жиналып пайда болатын көлемі үлкен су. Оның жылдамдығы соншалық, жолындағы ауыр тас пен үйлерді қиратып кете алады.
Су тасқыны кезінде мына ережелерді сақтаңыз:
- Қауіптің боларын алдын ала сезген жағдайда үй ішіндегі техникалық заттар мен токқа қосылған барлық затты қуат көзінен ажыратып, су өтпейтін жерге қойыңыз;
- Есік-терезені қымтап жауып, ең құнды деген құжаттарды өзіңізбен алып жүріңіз;
- Барынша апат болатын аймақтан қандай жағдай болмасын алыс жүруге және ерте бастан қам жасап, көшуге тырысыңыз;
- Ал егер су тасқыны бола қалған жағдайда биік жерге шығуға тырысыңыз. Су көлемі сізге жетпейтініне көз жеткізіңіз. Құтқарушылар келгенге дейін көзге көрінетін жерде және қауіпсіз жерде болыңыз. Бұл сізді тауып алуға септігін тигізеді;
- Малдың емес жанның жайын ойлаңыз;
- Өзіңізбен құнды құжаттан бөлек, бір киер киміңізді, уақытша ішпек-жемегіңізді және жылы көрпеше алып алыңыз;
- Суға ағып кетуі қауіпті болған жағдайда барынша жағаға ұмтылуға тырысыңыз. Тал бұталарын қармап қалуға, ық ретінде алып тастардың үстіне шығуға талпыныңыз. Қалай болғанда да сабыр сақтаңыз;
- Суда жүзуге тура келетін жағдай болса барынша сақтықпен барыңыз. Өйткені суық суда 3 минут тұруға болады. Ал арада 5 минут өткен соң ұстама ауруы басталуы мүмкін. Аяқ-қолыңыз тартылып қалмас үшін де абай болыңыз;
- Ең соңғы амал су ағысы қатты әрі сіз қармайтын ештеңе болмаған жағдайда, су бетінде қалқуға қауқарлы затты ұстап алыңыз. Бұл уақыт ұтуыңызға және көмек келгенше амалдауға көмектеседі;
- Сел кеткеннен кейін қайта жиналудан, құлама сырғымалардан, үзілген жəне салбырап қалған электр сымдарынан, газ магистралдарынан сақтану керек;
- Қауіпсіз қозғалыс маршрутын және сел кезінде жиналу пункттерін әрдайым білу керек – оларды тұрғылықты жері бойынша аудандық ТЖ бөлімдерінен және ПИК, МИБ-тен анықтауға болады.