Ұлытау облысы бюджеттің 3,7 миллиард теңгесі заңсыз жұмсала жаздаған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұны облыстағы прокурорлар анықтаған. Ұлытау облысының прокуратурасы жыл басынан жалпы сомасы 3,7 миллиард теңге болатын 12 мемлекеттік сатып алудың күшін жойды.
Талдау нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдар конкурстарды жариялау кезінде тиісті сараптамалар жүргізбеген, жобалық-сметалық құжаттамалар болмаған және әлеуетті жеткізушілердің жағдайын нашарлататын талаптар көздеген.
Мысалы, Жезқазған қаласының экономика және қаржы бөлімі 1,9 миллиард теңгеге автомобиль жолдарын күтіп ұстауға мемлекеттік сатып алу жариялаған.
Бұл ретте тапсырыс беруші конкурстық құжаттамада заңда көзделмеген біліктілік талаптарын негізсіз қойған (мемлекеттік сатып алу нысанасына жатпайтын заңнаманы сақтау бөлігінде).
Сонымен қатар, тапсырыс беруші бюджет заңнамасының талаптарын бұза отырып, 3 жыл мерзімге қала жолдарын күтіп ұстау туралы келісім шарт жасасуды жоспарлаған.
Алайда, мұндай жұмыстар мерзімі ағымдағы қаржы жылынан асатын шарттар тізіміне кірмейді.
Басқа жағдайда, Ұлытау облысы Денсаулық сақтау басқармасының Облыстық психикалық денсаулық орталығы науқастарды тамақтандыру қызметін сатып алу кезінде қаржыны 17,2 млн теңгеге негізсіз жоғарылатқан. Прокурорлардың наразылығымен заңсыз мемлекеттік сатып алулар жойылып, 9 лауазымды тұлға тәртіптік, 17-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қадағалау қызметінің бұл бағыты Ұлытау облысы прокуратурасының үнемі ерекше бақылауында.