Алғаш рет Жетісуда облыстық көпсалалы клиника базасында «Онкоурология 2024: теориядан тәжірибеге» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл іс-шара елдегі жетекші онкоурологтар мен өңір мамандарын біріктіріп, онкология саласында білім мен тәжірибе алмасудың бірегей алаңына айналды.
Конференцияның басты мақсаты – Жетісу облысының онкологиялық қызметін дамыту, атап айтқанда, несеп шығару жолдары ісіктері кезінде жоғары технологиялық медициналық көмекті жетілдіру. Онкологиялық аурулар ерекше көзқарасты және заманауи әдістерді қажет етеді, ал бұл іс-шара осы бағыттағы маңызды қадам болды.
Конференцияға өңірдің жетекші онкологтары, урологтары және хирургтары, сондай-ақ арнайы Астана мен Алматыдан келген мамандар – «Онкоурологтар қоғамы» ҚБ басқарма төрағасы Құрманов Талғат Аманжолұлы және Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкоурология орталығының жетекшісі Умурзаков Хусан Талипбаевич болды. Олардың тәжірибесі мен білімдері іс-шараның кәсіби деңгейін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды.
Конференцияның басты ерекшеліктерінің бірі – мастер-класстар. Шақырылған мамандар бүйрек пен несеп шығару жолдарында ісік бар пациенттерге күрделі ота жасады. Бұл операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жоспарлы түрде жүргізіліп, пациенттерге қосымша шығынсыз жоғары сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік берді.
Іс-шараның практикалық бөлімі онкологиялық ауруларды ең заманауи әдістермен емдеуге болатынын және қажет екенін көрсетті. Конференция мамандарға сирек клиникалық жағдайларды талқылауға және өз білімдерін практикада қолдануға мүмкіндік берді.
Облыстық көпсалалы клиниканың директоры Мадияр Умирбаевтың айтуынша, мұндай іс-шараларды өткізу өңір дәрігерлерінің біліктілігін айтарлықтай арттырып, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартады. Елдің танымал мамандарымен тәжірибе алмасу арқылы оқыту жергілікті медицинаның дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Бұл конференция біздің мамандарымыздың тәжірибесін арттыруға елеулі үлесін қосып, Жетісу облысының халқына көрсетілетін көмектің одан әрі жетілетініне сенімдіміз», – дейді клиника басшысы.
ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӨТКЕН ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ: ОНКОУРОЛОГИЯНЫҢ ДАМУЫНА ЖАҢА ҚАДАМ
Танымал
Ел аузында
Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.
Сайт әкімшілігі