Мемлекет басшысы Ұлытау облысында кеншілер қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді.
Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажет көмек көрсету туралы тапсырма берілді.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.
Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады.