Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

23 C
Nur-Sultan
28.3 C
Almaty
27.1 C
Shymkent

Мойынқұмда табиғатты сүю – тәрбие бастауына айналды

Танымал

Ел аузында

Жасыл желекке оранған табиғат — адамзаттың алтын бесігі. Ал сол табиғатты қорғап, келер ұрпаққа аманаттау — бүгінгі күннің басты міндеті. Осы орайда Мойынқұм ауданында 2018 жылдан бастап табиғатты аялауға үндейтін бірегей бастама жүзеге асып келеді. Бұл — аудан әкімдігінің білім бөліміне қарасты «Экологиялық орталық» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Аталған орталық алты жылдан бері өңірдегі жас буынды табиғатпен тілдестіріп, оларды табиғи ортаны құрметтеуге тәрбиелеп келеді.

Орталық жұмысын бастаған күннен бастап мектеп оқушылары мен жастардың табиғатқа деген көзқарасын қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Қазіргі таңда мұнда 26 үйірме тұрақты жұмыс істеп, 735 оқушы экологиялық бағытта білім алды. Олар тек біліммен шектеліп қоймай, аудан аумағында өткізілетін тазалық, көгалдандыру, ағаш отырғызу, табиғат аясындағы сенбілік сынды игі бастамаларға белсене араласуда.

Орталықтың күнделікті тыныс-тіршілігі табиғатпен етене жақын. Мұнда экологиялық бағыттағы дәрістер, семинарлар, көрмелер мен шығармашылық байқаулар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Оқушылар сурет салып, бейнеролик түсіріп, эссе жазып, экологиялық мәселелерге өз көзқарастарын білдіреді. Олар жарысқа қатысып қана қоймай, өздерінің кішкентай жүректерімен үлкен дүниеге — табиғатқа жанашырлықпен қарай алатындарын көрсетіп жүр.

«Таза аула. Таза өлке. Таза ел!» сынды ауқымды акциялар – соның айқын дәлелі. Орталықтың үйлестіруімен 16 ауылдық округте елді мекендерді тазалау, тарихи ескерткіштер мен майдангерлерге арналған монументтерді абаттандыру, көгалдандыру іс-шаралары жүзеге асты. Қолына күрек пен тырма ұстаған жастар ауыл көшелерін ғана емес, жүректерге де тазалық орнатып жүргендей әсер қалдырады.

Сондай-ақ, «Жасыл ел» және волонтерлік қозғалыс аясында орталықтың қолдауымен саябақтар, су арналары мен қоғамдық орындар тазаланып, экобақ жобалары қолға алынды. Табиғаттың әр бұрышын жанымен ұғып, жанашырлықпен әрекет ететін жастардан құралған «Эко-күзет» еріктілер тобы құрылып, қоғамдық орындарда экологиялық мониторинг жүргізіп, құқық бұзушылықтың алдын алуда.

Біліммен қаруланған ұрпақ қана емес, табиғатпен үйлесім тапқан ұрпақ — нағыз ел болашағы. Осыны ұққан орталық QR-код арқылы экологиялық кеңестер беретін баннерлер орнатып, әлеуметтік желілерде экологиялық челлендждер өткізуді де әдетке айналдырған. Бұл — жаңашыл көзқарастың көрінісі ғана емес, экологияны цифрлық дәуірмен ұштастырудың тиімді үлгісі.

Орталық жанынан құрылған жас экологтар клубы да оқушылардың бойындағы табиғатқа деген сүйіспеншілікті оятып, оларды нақты жобаларға тартып отыр. Бұл клуб мүшелері экологиялық бастамаларға белсенді араласып, іс жүзінде білімін іске асыруға мүмкіндік алуда. Олар үшін табиғат — оқулықтағы тақырып емес, жүректегі мұратқа айналған.

Аудан жұртшылығы арасында экологиялық сананы арттыру мақсатында үгіт-насихат шаралары да назардан тыс қалмаған. Табиғатқа жанашыр болу — тек мерекелік күндерге тән емес, өмір салтына айналуы қажет деген ұстаным әрбір іс-шарадан көрініс тауып отыр.

Орталықтың атқарған ісі елеусіз емес. Жергілікті және өңірлік деңгейдегі алғыс хаттар мен марапаттар – соның куәсі. Бұл марапат — бір ғана ұжымға емес, табиғатқа деген шынайы ниетке берілген баға іспетті.

Алда атқарылар шаруа да аз емес. Экологиялық лагерь ашу, ғылыми-экологиялық экспедициялар ұйымдастыру, цифрлық экобілім платформасын енгізу секілді тың жобалар күн тәртібінде тұр. Бұл бастамалар экологиялық мәдениетті тек балалар арасында ғана емес, бүкіл қоғам деңгейінде орнықтыруға бағытталған.

Қоршаған ортаны аялау – ұлттың рухани деңгейінің көрсеткіші. Мойынқұмдағы Экологиялық орталық осы биіктен көрініп, табиғатты сүюді насихаттап, жас ұрпаққа қоршаған ортаны қадірлеудің үлгісін көрсетіп келеді. Расында да, болашақ — жасыл ұрпақтың қолында.

                                  2018 жылдан бері Мойынқұм ауданының экологиялық мәдениетін көтеру жолында

Мархат Ерғазыұлы
«Экологиялық орталық» КММ директоры

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

«КӨСЕМ КӨК – 245» автожорығы бабалар рухын жаңғыртпақ

«Тарихы жоқ елдің тамыры жоқ» десек,  Аллаға шүкір қазақты бұл тұрғыда кенделік жоқ. Ақиқатында халқымыздың  арғы-бергі тарихы сан ғасырларға бойлайды. Көне...