Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-22 C
Nur-Sultan
-1.1 C
Almaty
10.3 C
Shymkent

Үміт пен қолдау: Алматы облысында суицидтің алдын алу қалай жүргізілуде

Танымал

Ел аузында

Алматы облысындағы суицид жағдайының қазіргі ахуалы, алаңдататын белгілер және ауқымды профилактикалық шаралар туралы Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «Облыстық психикалық денсаулық орталығы» КМК директоры Тәжеков Әлімбек Мұхтарұлы айтып берді. Оның сөзінше, суицид әрекеттерінің жалпы деңгейі сақталғанымен, өңірде аяқталған суицид деректерінің айтарлықтай төмендеуіне қол жеткізілген. Әсіресе кәмелетке толмағандар арасындағы көрсеткіштің азаюы – жүйелі ведомствоаралық жұмыстың және алдын алу шараларының күшейтілуінің нақты нәтижесі.

— Алматы облысындағы суицид жағдайының қазіргі ахуалы қандай?

— 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде тұрақты оң динамика байқалады. Суицид әрекеттерінің жалпы саны 0,3%-ға төмендеді. Бұл тәуекел деңгейі толық жойылмағанымен, жағдайдың біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын көрсетеді.

Ал аяқталған суицидтер саны 3,4%-ға азайды. Кәмелетке толмағандар арасында бұл көрсеткіш 31,5%-ға төмендеді. Бұл – профилактикалық жұмыстың тиімділігін айқындайтын негізгі нәтижелердің бірі.

Ағымдағы кезеңді өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, суицид әрекеттері 1,3%-ға, ал жасөспірімдер арасында 20%-ға төмендеген. Бұл ерте анықтау мен дағдарыстық араласу шараларының тиімді екенін дәлелдейді.

— Суицидке бел буған адамның эмоционалдық жағдайы қандай болады?

— Әдетте адам «туннельдік көру» деп аталатын күйді бастан кешіреді. Яғни ойлау жүйесі тарылып, өмір тек қарама-қарсы түстерде — «ақ» пен «қара» ретінде қабылданады. Барлығы тығырыққа тірелгендей көрініп, жан азабы шексіз сезіледі.

Осындай сәтте суицид жалғыз шешім сияқты көрінуі мүмкін. Алайда дағдарыс жағдайы – уақытша құбылыс. Адам дер кезінде қолдау мен кәсіби көмек алса, эмоционалдық қысым азайып, өзіне зиян келтіру ниеті де бәсеңдейді.

— Жақындары қандай белгілерге назар аударуы тиіс?

— Суицидтік мінез-құлық белгілерін шартты түрде үш топқа бөлуге болады.

Вербалды белгілер: «Мен өмір сүргім келмейді», «Бәрі жақында бітеді», «Сендер менсіз де өмір сүре аласыңдар» деген сияқты тікелей немесе жанама айтылған сөздер. Тіпті өлім туралы қалжыңның өзі назардан тыс қалмауы тиіс.

Мінез-құлықтық өзгерістер: тұйықталу, қарым-қатынастан бас тарту, бұрын қызықтырған істерге қызығушылықтың жоғалуы, жеке заттарын тарату, қауіпті әрекеттерге бару, өзіне зиян келтіру белгілері.

Эмоционалдық белгілер: үмітсіздік сезімі, өзін «артық жүк» санау, кінә сезімі, көңіл күйдің күрт өзгеруі, ұйқының бұзылуы.

Осындай бірнеше белгі қатар байқалса, маманның көмегіне шұғыл жүгіну қажет.

— Қандай қосымша қауіп факторлары бар?

— Суицид көбіне бір ғана себептен туындамайды, бұл – бірнеше фактордың жиынтығы. Психикалық бұзылыстар, депрессиялық жағдайлар, алкоголь немесе психоактивті заттарды шамадан тыс қолдану, әлеуметтік оқшаулану, отбасылық немесе әлеуметтік жанжалдар, көмекке жүгінуден бас тарту – негізгі қауіп факторларының қатарына жатады.

Оларды уақытында анықтау қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.

— Көмекке жүгіну өмірді сақтап қала ала ма?

— Әрине. Суицид – уақытша қиындыққа байланысты қабылданатын түбегейлі шешім. Дағдарыс кезінде адамның жалғыз қалмауы аса маңызды. Уақтылы көрсетілген кәсіби көмек жағдайды өзгертіп, өмірге деген сенімді қалпына келтіруге ықпал етеді.

— Алматы облысының тұрғындары қайда жүгіне алады?

— Облыста сенім телефондары жұмыс істейді. Тұрғындар тәуелділік, аутодеструктивті мінез-құлық және психологиялық қиындықтар бойынша анонимді түрде хабарласа алады:

📞 8 708 020 04 97
📞 8 (72774) 2-28-01

Сондай-ақ мына мекенжай бойынша жүгінуге болады: Алматы облысы, Талғар қаласы, Асан Қайғы көшесі, 45.

Бұдан бөлек, мамандардың байланыс нөмірлері көрсетілген QR-кодтары бар ақпараттық материалдар кеңінен таратылуда. Бұл әсіресе смартфонды белсенді қолданатын жасөспірімдер мен жастар үшін ыңғайлы формат.

— Өңірде қандай профилактикалық жұмыстар жүргізілуде?

— Жұмыс 2024–2026 жылдарға арналған Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен Жол картасы аясында жүргізілуде. 2025 жылдың басынан бері орталық мамандары облыстың бас штаттан тыс психиатрымен бірлесіп, өңір аудандарына 91 рет көшпелі іс-шара өткізді.

Жалпы қамту саны 14 634 адамды құрады: мектеп оқушылары, студенттер, мерзімді әскери қызметшілер, мекеме қызметкерлері, ата-аналар және егде жастағы тұрғындар.

Көшпелі іс-шаралар саны 2,6 есеге, ал қамту көрсеткіші 3,5 еседен астам өсті. Профилактикалық және ведомствоаралық жұмыстың кеңеюі кәмелетке толмағандар арасындағы аяқталған суицидтердің төмендеуіне тікелей әсер етті.
Алдағы уақытта да ерте анықтау, психологиялық сауаттылықты арттыру және кәсіби көмекке жүгіну мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз.

— Маңызды ақпаратпен бөліскеніңіз үшін рақмет.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Каждая спасённая жизнь — результат системной работы

О текущей ситуации с суицидами в регионе, тревожных сигналах, на которые важно обращать внимание, и масштабной профилактической работе рассказал...