Жақында Алматыда 8848 театры құрылып, жаңа театр өнер әлеміне бет алды. Театр ұжымының айтуынша, бұл өнер кеңістігіне жаңаша ой, терең мағына және биік мақсатпен келген – театр. Әлемдегі ең биік шың – Эверст тауының биіктігі 8848 болғандықтан, тура сондай атауды өздеріне теліген сол биік шыңмен бірдей аталған бұл театр – биікке ұмтылуды, әр қойылымын жоғары деңгейде көрерменге ұсынуды ойлайды. «Біздің мақсат сахнада да өз шыңымызды бағындыру» дейді театр ұжымы.
Театр ұжымының сөзіне сүйенсек, әлемде биіктікке ұмтылуға шек жоқ. Сондай-ақ адам іздейтін бақыттың да шегі жоқ. Алайда ол бақыт үлкен болмайды. Әлеуметтік, қоғамдық мәселелерде өткір әрі шынайы сахналауды көздейтін тетар қазірде өзінің жаңа туындыларын көрермен назарына ұсынуға дайындалып жатыр. Жуырда театрдың «Бақыт үлкен болмайды» жаңа премьерасы көрменге жол тартпақ. Спектакльдің режиссері кино және театр әртісі танымал актер – Данияр Базарқұлов. Ол – бұл қойылым көрерменге отбасылық құндылықтар мен адам бойындағы пендешілікті түсіндіретін, қоғамдағы әрбір адамның жүрегіне жол табатын туынды болатынын айтады.
Бұл қойылымда бір шаңырақ астында өскен, бірақ бүгінде бір-біріне жат болып кеткен төрт перзент пен жалғыз ананың хикаясы суреттеледі.
«Біз бақытты сырттан іздейміз, бірақ ең жақын адамымыздың көзіндегі мұңды көрмейміз. Бұл спектакль – әрбір көрерменнің өз үйінің терезесінен сығалағандай күй кешетін қойылымы», – дейді шығармашылық топ.
Қойылымдағы басты қақтығыс – ананың ауру баласын емдету үшін елден жылу жинауы. Бұл жаңалық ағайындылар арасындағы сыйластықтың соңғы жібін үзіп, ағайындылар сол жылудан жиналған ақшадан дәметіп, бәрінің шынайы бейнесін ашады.
«Бақыт үлкен болмайды» – бұл тек театрда сахналанып қана қоятын көрініс емес. Бұл – қоғамда бар дүние. Бұл өз жақыныңызға соңғы рет қашан «жағдайың қалай?» деп сұрағаныңызды еске түсіретін сәт. Жақындарынан соншалықты алыстап кеткен жандар бар. Соларға ой салу мақсатында, жалпы қоғамдағы мейірімділіктің азайып бара жатқанын, ал туғандар арасындағы бауырмалдықтың азайып кетуі бүкіл қоғамды аздыратынын суреттейтін қойылым» дейді театр ұжымы.
Театр ұжымы мен рижиссердің пікірінше, қазіргі қоғамға тек эстетикалық ләззат беретін емес, адамның ішкі жан дүниесін сілкіп алатын осындай туындылар қажет.
«Қазақ театрының бүгін батылдық пен шынайылық керек. Біз тек жақсылықты дәріптеп қана қоймай, бойымыздағы пендешілікті де көрсетуіміз қажет. Отбасы ішіндегі шиеленіс – бұл тек бір үйдің мәселесі емес, бұл бүкіл қоғамның рухани көрсеткіші» дейді авторлық топ.
«Бақыт үлкен болмайды» – бақыттың көлемінде емес, оның шынайылығы мен адамгершілік негізінде екенін ұғындыратын қойылым.
Бұл қойылым жақында Алматыдағы «Қуыршақ» театрында сахналанады. Спектакльде еліміздің белді-белді әртістері өнер көрсетіп, туындының табиғатын аша түспек. Ал біз Эверст шыңына ұмтылған 8848 театрының ұжымына сәттілік тілейміз…
