Бутаковкада жаңа визит-орталығы ашылды

Танымал

Ел аузында

Алматы маңы әдемі де көрікті жерлерге бай. Соның бірі Іле Алатауының баурайында орналасқан – Бутаковка шатқалы. Шатқал туристер арасында жаяу серуендеу мен тауға шығу үшін өте танымал орын. Қала тұрғындары шатқалға автобус немесе көлікпен оңай жете алады. Таудан аққан сарқырамаларымен танымал Бұтақты шатқалы – алматылықтар мен қала қонақтарының, әсіресе, жаз айларында жиі келетін демалыс орны.

Демалыс күні Іле Алатауының ең көрікті жерлерінің  бірі саналатын Бутаковка шатқалында — «Бұтақты» визит орталығы ашылды, негізгі мақсаты — келушілердің табиғатқа зиян келтірмей демалуына мүмкіндік жасау. Жаңа нысан туризмді дамыту және туристік инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай және «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығы аясында ашылды.

Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов қатысты.

Екі ғимараттан тұратын жаңа нысан – «Туранга Групп» компаниясы мен ұлттық парк бірлесе салған алтыншы орталық. «Бұтақты» кешенінде ақпараттық стенд, дәріс залы, тимбилдинг пен шеберлік сабақтарына арналған аймақ, ашық аспан астындағы білім беру және мәдени бағдарламалар алаңы, ұлттық саябақққа тиесілі кәдесыйлар мен фирмалық өнімдер дүкені, жаңартылған навигация, заманауи санитарлық нысандар бар. Орталық аумағына электр желілерін тартуға Алматы қаласының әкімдігі қолдау көрсеткен. Жобаға салынған жеке инвестиция көлемі 8,5 млрд теңгені құрап, нәтижесінде 200 тұрақты жұмыс орны, сондай-ақ «Бұтақты» визит-орталығында 20 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, жобаның іске асуына  Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті де қолдау көрсеткен.

— «Келушілер үшін табиғат аясындағы демалыс жайлы өту үшін жасалған визит-орталық – бұл туристер алғаш ақпарат алатын орын. Келушілер осы орталықтан Іле Алатауы паркінде не бар екенін, қайда бару керегін біле алады,  Іле Алатауы ұлттық саябағымен танысып, жаяу жүретін соқпақ бағыттарын зерттеп, саяхаттай алады.    Кешен екі негізгі бөлік – визит-орталық ғимараты және дәмхана аймағынан тұрады. Тамақтану орны екінші қабатта орналасқан.  Келушілер саф таза ауада, әсем табиғатты тамашалап ауқаттана алады. Өз тамағымен келіп отыруға да болады. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі заманғы стандарттар бойынша құрылған орталықта келушілерге бар жағдайлар жасалған: дәмханадан өзге, тимбилдингтер мен шеберлік сабақтарын өткізуге арналған алаңдар бар, заманауи қоғамдық дәретхана, тіпті душ, жуынатын бөлме де бар.  «Бұтақты» визит орталығы табиғат аясындағы демалысты жайлы ғана емес, танымдық әрі экологиялық мәдениетке негізделген форматта ұйымдастыруға бағытталған жаңа кеңістік», деп атап өтті «Іле Алатауы» МҰТП бас директоры Елнұр Мұхамеджанұлы.

Шараның ашылу салтанатында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев:

— «Жаңа «Бұтақты» визит-орталығы экологиялық білім беру, мәдени іс-шаралар, шеберлік сабақтары мен тимбилдингтер өткізуде заманауи алаң болады. Орталық тәулігіне жүздеген адамды қабылдай алады. «Визит-орталықтардың отандық туризмді дамытуда маңызы зор. Өйткені аталған орталықтар – саяхатшылардың өңірмен алғашқы байланыс орнататын орны. Орталықтар туристерге жергілікті жерді бағдарлап, ең тиімді бағытты таңдауға, белсенді демалыс пен мәдени іс-шаралар туралы білуге көмектеседі. Осылайша, қонақтарға қолайлы жағдай жасалады. Мұнда көлік қатынасы, тамақтану және орналастыру орындары бойынша кеңес алуға, сондай-ақ туристік карталар мен басқа да ақпараттық материалдарды тегін пайдалануға болады. Кеңес қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріледі. Бұл орталықтың қызметін шетелдік туристер де еркін пайдалана алады. Бұрын табиғатты тамашалауға келгендер дәретхана мәселесінен қиыншылыққа тап болатын. Бұл түйткіл де біртіндеп шешімін тауып келеді. Бүгінде визит-орталықтар экологиялық мәдениетті насихаттауға ықпал етіп қане қоймай, Қазақстандағы туризмді жүйелі дамыту құралдарының біріне айналып келеді», – деді Данияр Ғалымұлы. Оның айтуынша, алдағы уақытта Үлкен Алматы көлінде тағы бір заманауи визит-орталығын салу жоспарланып отыр. Оны шотландиялық әйгілі сәулетші Рикардо Марини әзірлепті.

«Іле Алатауы» МҰТП бас директоры Елнұр Мұхамеджанұлының айтуынша, жаңа инфрақұрылымдардың көптеп іске қосылуы ұлттық парктерге келушілердің қатарын молайтқан.

— «2019 жылы Іле Алатауына 300 мыңнан астам турист қадам басса, бұл көрсеткіш 2025 жылы млн-ға жетті. Ұлттық парк 1996 жылы 8 туристік бағытпен өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде олардың саны 46-ға дейін артып, келушілерге әртүрлі бағыт бойынша сапалы туристік қызмет көрсету мүмкіндігі қалыптасты. Ең танымал бағыттар қатарында Үлкен Алматы көлі, Аюсай визит орталығы, Ой-Қарағай, Түрген сарқырамалары, Есік көлі, Қаскелең және Ақсай, Бутаковка шатқалдары бар. Аталған нысандар жыл сайын мыңдаған туристі қабылдап, аймақ туризмінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Биыл 30 жылдыққа байланысты 30 іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Қазір Ұлттық табиғи парктің аумағында 94 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Жалпы 1,5 млн-ға дейінгі турист қабылдауға дайынбыз. Сонымен қатар алдағы үш жыл ішінде ұлттық парк аумағын кеңейту және туризм саласын дамыту мақсатында тағы 30 жаңа бағыт ашу жоспарлануда. Бұл бастамалар туристік инфрақұрылымды жетілдіруге, экологиялық туризмді дамытуға, келушілерге қолайлы жағдай жасауға және табиғи ортаны сақтай отырып, тұрақты туризм қағидаттарын енгізуге бағытталған»,– деді «Іле Алатауы» МҰТП бас директоры Елнұр Мұхамеджанұлы.

Мұнда  «Бұтақты» атауымен ашылған дәмхана қызметінің жоба серіктесі, белгілі кәсіпкер әрі таулы аймақтардағы туристік инфрақұрылымды дамытуға белсенді түрде атсалысып жүрген экобелсенді Сергей Спицын басқарады. Ол таулы және туристік инфрақұрылымды дамытуға белсенді қатысып келеді.

 —  «Біздің Алатауымыз қандай керемет! Мен қаламыздың гүлденіп, туристердің көптеп келгенін қалаймын. Біз қала тұрғындары мен қонақтарының алдында ұятқа қалмауымыз керек. Сондықтан осы бағытта атқарып келген талай шаруаның нәтижесі болса екен деймін. Мен таза қала, таза дәретхана, таза табиғаттың қолдаушысымын. Әр келген туристің әсем табиғаттан, тау-тастан ерекше әсер алып, еліне керемет сезіммен оралуы үшін жағдай жасау қажет. Бұл визит-орталығын ашу туралы идея 2017-2018 жылдары келген. Себебі, жоспарын құрған саяхатшы әуелі осында тоқтап демалып, әлденіп алған соң әрі қарай туристік нүктелерге көтеріле береді. Туристер бағыттарын айқындап, діттеген жерге қай уақытта жететінін біліп қане қоймай, керекті танымдық ақпараттар ала алады. Сонымен қатар, екінші қабатта орналасқан дәмханадан ұлттық, еуропалық, азиялық тағамдардан дәм татып, қолөнер бұйымдарын, ұлттық әшекейлер мен ұлттық киімдерді сатып алуына болады», – деді экобелсенді Сергей Спицын.

Оның айтуынша, Бутаковка жаяу серуендеуге, жартасқа өрмелеуге, тауға велосипед тебуге және кемпингке тамаша қолайлы жер. «Бұл аймақта серуендеуді жоспарласаңыз, Қотырбұлақ шыңын (3050 м) қарастырсаңыз болады. Бұл бағыт бойынша шығу оңай, ең жоғары төбесіне шыққанда  Солтүстік Тянь-Шаньның тамаша панорамалық көрінісін көре аласыз. Шатқалдың тағы бір көрнекті жері сарқырамалар болып табылады: бұл аймақта екі үлкен сарқырама бар», дейді С.Спицын.

Заманауи кешен келушілерге жайлы демалыс ұсынып қана қоймай, отандық  туризмді дамытуға жаңа серпін берері сөзсіз.

Назира ЕЛЕУХАН

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Алматыда студенттерге арналған заманауи жатақханалар саны артады

Алматы қаласындағы студенттік жатақханаларды салу жөніндегі жобалық кеңсе инвесторларды жаңа құрылыс пен қайта жаңғырту жобаларына қатысуға шақырады. Жоба мемлекеттік...