Дәстүрге сәйкес қара шаңырақ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жас ғалымдар мен студент, магистрант, докторанттар қатысқан «Фараби әлемі» халықаралық конференциясы кезекті жұмысын тәмамдады. Конференция жұмысына алыс-жақын шетел университеттері студенттерімен қатар өзіміздің білікті жоғары оқу орындарымыздың да білім алушылары қатысып, білім деңгейлерін көрсетті. Әр жоғары оқу орнының үздік білім алушылары жиналған конференцияның жұмыс тілдері: қазақ, орыс, ағылшын тілдері болып бекітілді. Заман ағымына сай, ғылым, білім, техника, технологиялардың даму қарқынына сәйкес жас ғалымдардың талқылаған тақырыптары да әр алуан болды. Жастардың дүниетанымдық көзқарастарын қалыптастыру мақсатында бұл жылы философия кафедрасы халықаралық конференцияны «Әл-Фараби мұрасы және қазіргі философияның өзекті мәселелері» деген тақырыппен ұйымдастырды.
Биылғы жылы конференцияға 30 дан аса ғылыми мақала келіп түсті. Халықаралық конференцияда жас ғалымдар түрлі тақырыптарды қаузады. ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің 1-курс магистранты Зайнолда Несібелі Болатқызы «Миметикалық қалау және жетістік идеологиясы: әлеуметтік салыстырудың философиялық талдауы» тақырыбын жан-жақты зерттеп, нәтижелерімен бөлісті. Миметикалық қалау мен жетістік идеологиясының тоғысуы адамдарды үздіксіз бәсекеге түсуге, өзгенің жетістігін көшіруге және материалдық құндылықтарға басымдық беруге итермелейтіндігін, бұл зерттеу қазіргі қоғамдағы мәдени және әлеуметтік трендтерді түсінуге көмектесетіндігі жайлы пайымдама жасалды.
Ғылыми жетекшісі Пірімбек Мұханбетұлымен біріге отырып таңдаған «Жүсіп Баласағұн дүниетанымындағы “әділетті басшы” концепциясы» тақырыбында философия мамандығының 4-курс студенті Жаушбай Нуризат та өз тақырыбын жете зерттегендігін дәлелдеп берді. Нуризат қазіргі қоғам үшін басшының қаншалықты рөлінің жоғары екендігін, басшыға тән қасиеттердің қандай болатындығын саралап берді.
Конференцияның модераторлары: философия ғылымдарының докторы Аташ Берік Мұратұлы мен философия ғылымдарының кандидаты Асқар Лесхан Әмірханұлы, Елубаев Байнұр Қанатұлы да түрлі сұрақтармен ғылыми пікірталас алаңын жандандыра түсті. Ғылыми алаңның негізгі мақсаты – жас ғалымдарға бағыт көрсету, олардың білімжолындағы және шығармашылық қабілеттерін аша түсу, ғылыми көзқарас қалыптастыруға көмек көрсету болатын. Халықаралық конференция жалпы мақсатына жетті.
Ғылыми талқылау алаңының қорытындысында жас ғалымдардың ішінен оза шапқандарына, философия кафедрасының оқытушы-профессорларынан құралған қазылар алқасы жүлделі орындарды тағайындады. Үздік деп танылған жас ғалымдарға жүлделі 3 орын бойынша дипломдар табысталды.
Осылайша «Фараби әлемі» – жас ғалымдар үшін бағыт-бағдар беретін рухани темірқазық екенін тағы бір мәрте айқындады. Қоғам өмірінде орын алып отырған түрлі мәселелерге ғылыми көзқарас таныта алатын жас ғалымдардың санының көп екендігі қуантады. Жыл сайын ұйымдастырылатын Фараби форумының болашақ ғалымдар үшін жол нұсқайтын шамшырақ екендігі биыл тағы да айқындалды.
Сембаева Гүлнар Мәлікқызы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті
