Бүгінде архив – тек өткеннің қоймасы емес. Ол – ұлттың жады, ғылыми ізденістің негізі және цифрлық дәуірдегі стратегиялық ресурс. Ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған заманда тарихи құжаттарға қолжетімділік, оларды тиімді басқару мен сақтау мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Осыған сәйкес архив ісі мен құжаттаманы басқару саласы жаңа сапалық деңгейге көтерілуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында халықтың құжаттық жадын жүйелеу және оны заманауи форматта ұсыну қажеттігін атап өтті. Президент бастамасымен ұсынылған «Ұлттық цифрлық мұра» қоры- архив саласын цифрлық трансформациялау жолындағы маңызды стратегиялық қадам.
Бүгінде Қазақстанда 236 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Оларда 27,8 миллионнан астам сақтау бірлігі бар 74 мыңнан астам архив қоры жинақталған. Соңғы жылдары архив мекемелері құжаттарды цифрландыру, электрондық каталогтар мен дерекқорларды қалыптастыру, қашықтан қызмет көрсету жүйелерін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. 3 миллионнан астам іс электрондық форматқа көшіріліп, тарихи деректерге қолжетімділік айтарлықтай кеңейді.
Алайда цифрлық трансформация тек технологиялық жаңару емес. Бұл- құжаттың өмірлік циклін толық меңгерген, ақпараттық ағындарды басқара алатын, архив пен құжаттаманы басқаруды біртұтас жүйе ретінде түсінетін жаңа буын мамандарды талап етеді. Яғни бүгінгі күні архивші мен құжаттанушының кәсіби функциялары өзара ықпалдасып, жаңа интеграцияланған модель қалыптасуда.
Осы бағытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті архив ісі мен құжаттаманы басқару саласы үшін жоғары білікті мамандар даярлайтын жетекші білім беру орталығы ретінде танылып отыр. Университетте 2010 жылдан бастап «Архивтану, құжаттану және құжаттамалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламалары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Цифрлық трансформация талаптарына сәйкес білім беру мазмұны да жаңғыртылды. 2019 жылдан бастап магистратура деңгейінде «IT архивтану және құжаттану», ал 2021 жылдан бастап бакалавриатта «Сандық архивтану және құжаттану» бағдарламалары іске қосылды. Бұл бағдарламалар архив ісі мен құжаттаманы басқаруды заманауи цифрлық технологиялармен ұштастыра отырып оқытуға бағытталған.
Білім беру процесінде теория мен тәжірибенің үйлесімі басты назарда. Университетте дуалды оқыту жүйесі енгізіліп, білім алушылар оқу барысында кәсіби ортада тәжірибе жинақтайды. Оқу үдерісі Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві базасында жүзеге асырылады. 2019 жылы осы мекеме негізінде «Архив ісі және құжаттану» оқу-өндірістік кафедрасының ашылуы білім мен практиканың тиімді интеграциясын қамтамасыз етті.
Студенттер мен магистранттар өндірістік және ғылыми-зерттеу тәжірибелерін тек архивтерде ғана емес, мемлекеттік және жеке сектор ұйымдарында да өтеді. Бұл құжаттаманы басқару жүйесінің барлық салада өзекті екенін және түлектердің еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Халықаралық ынтымақтастық та маңызды орын алады. Студенттер Польша, Италия және Ресей университеттерінде академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы білім алады. Сонымен қатар Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен бірлескен қос дипломдық бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл болашақ архивші-құжаттанушылардың халықаралық тәжірибені меңгеруіне мүмкіндік береді.
Жыл сайын ұйымдастырылатын Жас архившілер мен құжаттанушылардың Жазғы мектебі- кәсіби дамудың тиімді алаңы. АҚШ, Польша, Ресей сынды елдерден келген сарапшылар дәріс оқып, қатысушыларға халықаралық тәжірибені игеруге мүмкіндік береді. Бұл жоба жас мамандардың кәсіби қалыптасуына және салаға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Бүгінгі архивші-құжаттанушы- тек құжат сақтаушы емес. Ол- цифрлық деректермен жұмыс істейтін, ақпараттық жүйелерді меңгерген, құжаттың өмірлік циклін толық басқара алатын әмбебап маман. Сондықтан қазіргі білім беру бағдарламалары дәл осындай бәсекеге қабілетті кәсіби тұлғаны қалыптастыруға бағытталған.
Цифрлық трансформация жағдайында архив ісі мен құжаттаманы басқару саласының дамуы- елдің интеллектуалдық және ақпараттық қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Ұлттық мұраны сақтау мен оны келешек ұрпаққа жеткізу міндеті бүгін жаңа технологиялар мен жаңа буын мамандардың кәсіби деңгейімен тығыз байланысты.
Бүгінгі таңда мектеп бітіруші түлектер үшін мамандық таңдау- өмірлік маңызды шешім. Өз болашағын ел дамуына үлес қосудан көретін жастар үшін архив ісі мен құжаттану саласы- тұрақты, сұранысқа ие және болашағы зор бағыттардың бірі. Осы орайда талапкерлерді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында сапалы білім алуға шақырамыз.
Алпысбаева Н.К. – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к.
Нурбатырова Р.Е. – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, әлеуметтік ғылымдар магистрі
