Мигрень: неге оны жай ғана «шыдап өткізуге» болмайды және бас ауруы қашан қауіпті болады

Танымал

Ел аузында

12 қыркүйек  Халықаралық мигреньмен күрес күні. Бұл күн көпшілік әлі де жете мән бере бермейтін немесе жылдар бойы жай ғана бас ауруы деп қабылдайтын осы дерт туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған.

Мигрень жүйке жүйесінің ең көп таралған ауруларының бірі саналады. Соған қарамастан, адамдардың барлығы бірдей дер кезінде маманға жүгіне бермейді: ұстамаларды көбіне шаршаумен, ауа райымен, күйзеліспен немесе мойын омыртқасындағы мәселелермен байланыстырады да, нақты диагностикадан өтудің орнына ауырсынуды басатын дәрілерді тұрақты қабылдайды.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің дәрігер-неврологы Гүльнара Исаканованың айтуынша, мигрень бастапқы бас ауруларына жатады және көп жағдайда өзіне тән клиникалық белгілер арқылы анықталады. Бұл оның пайда болуы ми тіндерінің құрылымдық зақымдануымен байланысты емес дегенді білдіреді. Сондықтан мигрень диагнозын қою үшін әрбір науқасқа міндетті түрде МРТ жасау қажет емес.

Мигреньге орташа немесе жоғары қарқындылықтағы қайталанатын бас ауруы ұстамалары тән. Ауырсыну көбіне солқылдап сезіледі, бірақ кейде қысып тұрғандай сипатта болуы мүмкін. Ұстама бірнеше сағаттан үш тәулікке дейін созылып, жүрек айнуымен, құсумен, жарық пен шуға төзбеушілікпен қатар жүруі ықтимал. Тағы бір маңызды белгі  физикалық белсенділік кезінде ауырсынудың күшеюі. Ұстама қатты болған кезде адам көбіне жатып, аз қозғалуға және тыныштықта болуға тырысады.

Мигреньнің өтуіне триггер деп аталатын қоздырушы факторлар айтарлықтай әсер етеді. Олардың ең жиі кездесетіндері күйзеліс, мазасыздық, шамадан тыс шаршау, еңбек пен демалыс тәртібінің бұзылуы, ұйқының жеткіліксіздігі немесе, керісінше, шамадан тыс ұйықтау.

Сондай-ақ күн тәртібінің өзгеруі, сапарға шығу, көлікте шайқалу, мойын бұлшықеттерінің ширығуы, ауа райының өзгеруі, ашық жарық, өткір иістер, қатты шу, темекі шегу және ыстық ванна да ұстаманы қоздыруы мүмкін. Әйелдерде гормондық өзгерістер айтарлықтай рөл атқарады. Кейбір науқастарда кофе, қара шоколад пен қызыл шарап сияқты тағамдар да жеке триггер болуы мүмкін.

Сондықтан мигреньмен ауыратын адамдарға өз жағдайын бақылап, бас ауруы күнделігін жүргізу маңызды. Бұл ұстамалардың жиілігін, оларды қоздыратын ықтимал факторларды және қабылданған дәрілердің тиімділігін анықтауға көмектеседі.

Сонымен бірге кез келген бас ауруын қауіпсіз деп қабылдауға болмайды. Алғаш рет пайда болған немесе сипаты күрт өзгерген бас ауруы, әсіресе 40–50 жастан асқан адамдарда ерекше назар аударуды қажет етеді.

Көрудің, сөйлеудің немесе сезімталдықтың бұзылуы да шұғыл медициналық көмекке жүгінуге себеп болуы тиіс. Мысалы, мигрень кезінде аура деп аталатын жағдай туындауы мүмкін: көру аймағының бір бөлігі жоғалады, сөйлеу немесе сезімталдық бұзылады. Алайда дәл осындай белгілер транзиторлық ишемиялық шабуыл немесе инсульт кезінде де кездесуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда қосымша тексеру қажет.

Тағы бір маңызды мәселе ауырсынуды басатын дәрілерді бақылаусыз қабылдау. Көптеген науқастар мұндай препараттарды еш шектеусіз ішуге болады деп ойлайды. Алайда дәрілерді шамадан тыс қолдану дәрі-дәрмекке байланысты немесе абузустық бас ауруына алып келуі мүмкін.

Мұндай жағдайда тұйық шеңбер қалыптасады: бас ауруы жиілейді, адам көбірек дәрі қабылдайды, ал препараттарды шамадан тыс қолдану, өз кезегінде, бас ауруының жалғасуына және күшеюіне ықпал етеді. Сондықтан ұстамалар жиілеген кезде таблетка санын көбейтудің орнына неврологқа жүгініп, профилактикалық емді дұрыс таңдаған жөн.

Мигреньді заманауи емдеу ұстаманы тоқтатуға арналған препараттарды және профилактикалық терапияны қамтиды. Егер ұстамалар айына төрт немесе одан да көп рет қайталанса немесе өте ауыр, ұзаққа созылатын болып, өмір сапасын айтарлықтай төмендетсе, дәрігер профилактикалық ем тағайындауы мүмкін.

Гүльнара Исаканованың айтуынша, мигрень әлем бойынша ең алдымен кең таралуына және адамның күнделікті өміріне елеулі әсер етуіне байланысты маңызды медициналық мәселе болып отыр. Бұл ауру адамның еңбекке қабілеттілігін айтарлықтай төмендетіп, күнделікті белсенділігін шектеп, өмір сапасын нашарлатуы мүмкін. Сондықтан ғалымдар мигреньнің даму механизмдерін зерттеуді жалғастырып, оның алдын алуға арналған жаңа таргеттік препараттарды әзірлеуде.

Мигрень емделмейді деген кең таралған түсінік те қате. Бүгінде ауруды бақылауға, ұстамалардың жиілігі мен қарқындылығын төмендетуге және өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретін дәлелді емдеу тәсілдері бар.

Мигрень профилактикасына қатысты тәсілдер де жаңа ғылыми деректерге сәйкес үнемі жетілдіріліп отырады. Мәселен, 2026 жылғы 31 тамызда Америкалық неврология академиясы Америкалық бас ауруы қоғамымен бірлесіп ересектердегі мигреньнің фармакологиялық профилактикасына арналған жаңартылған ұсынымдарды жариялады. Құжат ғылыми зерттеулерді жүйелі талдауға негізделген және профилактикалық терапияны таңдауға қатысты заманауи дәлелді ұсынымдарды қамтиды.

Қазіргі таңда басқа ауруларды емдеуде де қолданылатын препараттармен қатар, тікелей мигреньді емдеуге арналған таргеттік дәрілер де қолданылады. Ұстаманы тоқтату үшін триптандар пайдаланылуы мүмкін, ал профилактикалық терапияның заманауи бағыттарына мигреньнің даму механизмдеріне әсер ететін препараттар, соның ішінде моноклоналды антиденелер жатады.

Емдеу тәсілі әр науқасқа жеке таңдалады. Бұл ретте оның жалпы жағдайы, қатар жүретін аурулары, қарсы көрсетілімдері, ықтимал жанама әсерлер және басқа да факторлар ескеріледі.

Ұлттық госпитальде дәрігер-невролог Гүльнара Исаканова мигреньмен ауыратын науқастарды тұрақты қабылдайды. Орта есеппен бұл ауру бойынша оған күніне шамамен 5–6 адам жүгінеді. Сонымен қатар кейбір жағдайларда мигрень басқа неврологиялық шағымдар бойынша қабылдау кезінде анықталады: адам жылдар бойы мезгіл-мезгіл болатын бас ауруын қалыпты жағдай деп санап, ол туралы дәрігерге айтпауы мүмкін.

Ұлттық госпитальде валидизацияланған шкала қолданылып жүргізілген зерттеу барысында тексерілген науқастардың шамамен әр үшіншісінде мигрень белгілері анықталған.

Мигреньден толық айығып кету туралы айту дұрыс емес, өйткені бұл созылмалы ауру. Дегенмен дұрыс таңдалған ем арқылы ұстамалардың жиілігі мен қарқындылығын айтарлықтай төмендетуге, ал кейбір жағдайда бас ауруынсыз ұзақ кезеңге қол жеткізуге болады.

Өмір салты да маңызды рөл атқарады: жеткілікті ұйықтау, еңбек пен демалыс режимін сақтау, күйзелісті бақылау, шамадан тыс шаршауды азайту және жеке триггерлерді мүмкіндігінше шектеу қажет.

Гүльнара Исаканова тұрақты түрде қайталанатын бас ауруын қалыпты жағдай деп қабылдамау керектігін атап өтеді. Егер ұстамалар қайталанып, жұмысқа және күнделікті өмірге кедергі келтірсе немесе адамды ауырсынуды басатын дәрілерді үнемі қабылдауға мәжбүр етсе, неврологқа жүгіну қажет. Қазіргі заманғы емдеу әдістері мигреньді тиімді бақылауға және өмір сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Мигрень белгілері мазаласа, Ұлттық госпитальге хабарласып, дәрігер-неврологтың қабылдауына жазылуға болады. Жазылу телефондары: 8 776 338 43 10 — ұялы телефон, 8 727 261 97 87 — қалалық телефон.

Қазақстан Республикасы  Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінің баспасөз қызметі

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Орамал дауына қатысты ҚМДБ не дейді?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мектеп формасына қойылатын талаптарға қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.Діни басқарма балиғат жасына жеткен...