Бакуде  «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» атты халықаралық көрме ашылды

Танымал

Ел аузында

Әзербайжанның Ұлттық тарих музейінде Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің қор коллекциялары негізінде әзірленген «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» атты халықаралық көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Көрме Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын Әзербайжанда кеңінен насихаттау, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және халықаралық музей ынтымақтастығын одан әрі дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің қорынан алынған қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын, тұрмыс-тіршілігін, шаруашылық қызметі мен қолөнер дәстүрлерін танытатын 69 этнографиялық жәдігер қойылған.

Экспозиция келушілерді қазақ халқының сан ғасырлық көшпелі мәдениетімен және Ұлы даланың бай этномәдени мұрасымен таныстырады. Көрмеден күнделікті тұрмыс пен шаруашылыққа қажетті бұйымдарды, ат әбзелдерін, зергерлік әшекейлерді, киіз басу және тоқымашылық өнерінің үлгілерін, дәстүрлі киімдер мен ұлттық әшекейлерді көруге болады.

Көрме бес тақырыптық бөлімнен тұрады. Онда ұсынылған музейлік жәдігерлер қазақ халқының өмір салтын, материалдық және рухани құндылықтарын, эстетикалық талғамы мен ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қолөнер дәстүрлерін жан-жақты танытады. Әрбір жәдігер – ғасырлар бойы көшпелі өмір салтының ықпалымен қалыптасқан халықтың тарихи дамуы мен мәдени ерекшеліктерінің айғағы.

Көрменің ашылу салтанатында Әзербайжанның Ұлттық тарих музейінің директоры, академик Наиля Велиханлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі директорының жалпы мәселелер жөніндегі міндетін атқарушы орынбасары Асқар Ахманов, Әзербайжан Республикасының мәдениет вице-министрі Саадат Юсифова, Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Еділ Мырзаханов, Әзербайжанның халық жазушысы Эльмира Ахундова, сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қорының өкілі Лейла Гасанова сөз сөйледі.

Олар  Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тарихи тамырластық пен дәстүрлі достық қарым-қатынастарды, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өтті. 

Сонымен қатар халықаралық көрме жобаларының екі халықтың тарихы мен мәдениетін өзара танытудағы, музейаралық байланыстарды кеңейтудегі, бірлескен бастамаларды жүзеге асырудағы және ортақ мәдени мұраны келер ұрпаққа аманаттаудағы маңызына ерекше назар аударылды.

Ресми бөлімнен кейін қонақтар көрме экспозициясын тамашалап, ұсынылған музейлік жәдігерлердің тарихи және этнографиялық маңызы туралы жан-жақты мәлімет алды.

«Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» халықаралық көрмесі –  Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени диалогты дамыту жолындағы маңызды оқиға. Аталған көрме екі ел музейлері арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға және Әзербайжан жұртшылығын қазақ халқының бай тарихи-этнографиялық мұрасымен кеңінен таныстыруға ықпал етеді.

Көрме 2026 жылғы 12 желтоқсанға дейін жалғасады.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

В Баку  открылась    международная выставка «Традиционная культура казахов»

В Национальном музее истории Азербайджана состоялась торжественная церемония открытия международной выставки «Традиционная культура казахов», подготовленной на основе фондовых коллекций...