Еліміз Egov-ты жасау үшін ресейлік СБЕР компаниясына осыншама қомақты қаржыны бермейтін болды. Енді отандық электронды платформамен өзіміздің ІТ компаниялар айналысады, деп хабарлайды “КТК” арнасы.
Бұл туралы бізге елордада өткен сараптама кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан айтып берді.
“Кешегі Бағдат Мусиннің сөзінше, бұған дейін қазақстандық компаниялар айналысты ғой, біздің Egov-імізбен. Бұдан былай да тек қана қазақстандық ІТ компаниялар айналысады. «Сбербанктің» мамандары емес. Ешқандай келісімшарт жоқ, әзірше. Тек меморандум бар. Меморандумның заңды күші жоқ”, – дейді сараптама кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан.
Сараптама кеңесінің бірінші отырысына көптеген қазақстандық IT компаниялар, қоғам белсенділері қатысқан. Сол жиында министр Бағдат Мусин ресейлік Сбер компаниясының Қазақстандағы цифрландырумен айналыспайтынын, елдің цифрлық дамуымен тек отандық компаниялар шұғылданатынын жеткізіпті.
Кеңес мүшелері мәлімдеме жасағанымен, әзірге цифрлық даму министрлігінің ресми ақпараты шыққан жоқ.
Үкімет ресейлік СБЕР компаниялар тобының басшылығымен қыркүйекте ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған-ды. 500 миллион долларға бағаланған жоба көптің сынына ұшырап, қоғам наразылық білдірген. Олар келісім жүзеге асырылса, ел азаматтарының бүкіл жеке мәліметтері ресейлік компанияның қолына өтеді деп қауіптенеді.
Еске салсақ, Бүгін 1 қараша күні Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің жанында Қазақстанда тіркелмеген «Ел Тірегі» партиясы мен бір топ белсенділердің ұйымдастыруымен рұқсат етілген митинг болып өтті. Митингке жиналушылардың басты талабы цифрлық жүйені дамыту жолындағы Қазақстанның ресейлік «Сбер» платформасымен жасалған меморандумға қарсы шықты.