Жарқынай Ханайым Өзбекстан елінде дүниеге келген бір үйдің жалғыз қызы. Бүгінде туған жерін бетіне басатын хейтерлер көп болғанымен, ол Отанға оралуды ес білгелі армандапты. Тіпті, бұл арманына жету үшін ештеңеден тайсалмай, үйінен қашып кеткенін айтады. Бұл туралы өнер иесі Hit-TV арнасының «Менің өмірім» бағдарламасында айтты.
«Әке-шешемнің көзінің қарасы, әрі ұлы, әрі қызымын. Кішкентай кезімнен өзімнің Отаныма барсам екен, ұрыссам да, талассам да, өзімнің қазақтарыммен бірге болсам екен деген ой келетін. Бәрібір жат жерде жүргенім сезілетін. Ес білгелі «Қазақстанға кетемін» дейтінмін. Әке-шешем «әлі кішкентайсың, қоя тұр, көшпейміз, оқуға барасың» деп тоқтатып келді.
16 жасымда оқуымды. Бір үйдің жалғыз қызы болғандықтан, анам жаман жолға түсіп кетпесін деп түске дейін орта мектепке, түстен кейін музыкалық мектепке берді. Бітіргеннен кейін, Қазақстанға кетем дегенімде де рұқсат бермеді.
«10-11 сыныпты оқы, содан кейін рұқсат береміз» деді. Сөйтіп құжаттарым мен чемоданымды алдым. Әке шешем ақшаны жасырмайтын, керісінше ақшаны ұстап үйренсін деп маған беріп қоятын. Теңге мен сомды қалтаға салып, әжеме кіріп, батасын алдым.
– Қайда бара жатсың?
– Оқуға, Шымкентке.
– Ойбай, әке-шешең біле ма?
– Жоқ, білмейді. Оларға хат жазып кеттім, – дедім. Осылай жүрек жұтып, үйден Қазақстанға қашып кеттім. Қазірге дейін не деген жүрек деп өзім таңғаламын.
Әке-шешем қатты қатал кісілер болған жоқ. Айтсам, түсіндірсем, жыласам, көндіруге де болатын еді. Экзамен тапсырып жүргенде шешем күйіп-пісіп артымнан келіп қалды», – деп бөлісті Жарқынай.
Әнші Шымкент қаласындағы музыкалық колледжге оқуға тапсырып, ақырында діттегеніне жеткен. Ал ата-анасы Жарқынайдың артынан көшіп келген. Жарқынайдың әке-шешесіне деген ризашылығы шексіз. Ол туғандарын көпшілікке неге көрсетпейтінін түсіндіріп, көзіне жас алып қалды.
«Ол кісілер туралы өте көп айтқым келеді. Инстаграмда қысқаша айта салатын кісілер емес. Үлкен концерт қоямын, әке-шешем алдыңғы қатарда отырады.Үлкен экранда видео дайындап, халыққа таныстырамын деп әрқашанда армандайтынмын. Бәрі: «Әке-шешеңізден ұяласыз ба? Неге көрсетпейсіз?» – дейді.
Ондай емес. Біріншіден, әке-шешем қарапайым адамдар. Жұмыс орнында ыңғайсыз болмас үшін, «салмай-ақ қойшы» дейді. Бірақ мен әке-шешеммен өте мақтанамын», – деді Жарқынай.