ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің орташа жалақысын атады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Ұлттық білім беруді дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі – «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы болды. Білесіз бе, мемлекет басшысы заң қабылдап, мұғалімдердің жалақысын екі еседен кем емес өсіру міндетін қойды. Бұл жұмыс жүргізілуде, міндет өзекті», – деді Асхат Аймағамбетов Қазақстан Республикасы президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында.
Министр мұғалімдердің орташа жалақысын атап өтті.
«Мұғалімдердің еңбек жағдайлары жақсартылды. Жалақы өсті. Осы заң жобасы қабылданғанға дейін орташа жалақы шамамен 109 мың теңгені құраған десек, бүгінде ол 200 мыңнан астам теңгені құрап отыр, бұл еліміздегі мұғалімдердің орташа жалақысы», – деді министр.
Басқарма басшысы педагогикалық мамандықтың шекті балының көтерілгенін де еске салды.
«2019 жылға дейін педагогикалық мамандықтарға түсушілердің орташа балы ең төменгі көрсеткіштердің бірі – орта есеппен 55-60 балл болды. Биыл мүлде басқа статистиканы көрдік. Біріншіден, шекті балды 75 балға көтердік. Ең жоғары шекті балл – педагогикалық мамандықта. Осыған қарамастан ағымдағы жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша педагогикалық мамандықтарға түсушілердің орташа балы 96 балды құрады. Бұл қазірдің өзінде мықты, білікті және бәсекеге қабілетті түлектер бұл мамандықты таңдап жатқанын көрсетеді. Сәйкесінше, ертең мектебімізге өте мықты мұғалімдер келеді. Қазірдің өзінде заң жұмыс істеп жатыр деп айта аламыз», – деді Асхат Аймағамбетов.