Ернар Садырбаев (Әміре) пен Әлішер Кәрімов жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ернар ширек финалда Валерий Меладзенің «Посредине лета» әнін шырқады. Тәлімгері Дима Билан оның өнерін кезекті рет жоғары бағалап, даусының 50 пайызын берді. Қалған 50 пайызды өзге екі қатысушыға бөлді. Тікелей эфирде өткен бұл кезеңде көрермендердің де дауыс бергенін айта кетейік. Ернар Садырбаев тыңдармандардың 39,2% дауысына ие болып, келесі кезеңге өтті.
«Ернар мен оның мүмкіндігіне күмән келтірмеймін», – деді Дима Билан.
Сол сияқты Әлішер Кәрімов те сәтті өнер көрсетті. Андрей Бабаевтың «Любимые глаза» шығармасын сахнаға алып шыққан Кәрімовке көрермендердің 35,3 пайызы дауыс берді. Бұл топтың тәлімгері Александр Градский мезгілсіз қайтыс болғандықтан, таңдау жасау еркі көрерменге қалды.
Бағалайтын тәлімгері болмағанымен, шоу көрермендері Әлішердің өнеріне тәнті болғандарын жарыса жазуда.
«Өте сапалы орындау, үшеуінің ішінен Әлішер ең кәсіби әрі ең нық орындайтын әнші», «Сіздің орындауыңыздан жеңіл эйфорияға бөленемін. Бұл жобаны тек сіз үшін көремін, Әлішер», «Әлішер, үздік», «Сізге дауыс береміз, Бакудан көріп отырмыз», – деп жылы лебізін білдірді олар.