Смайлов әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, әрі балалардың сыртқы келбеті тез өзгеруіне байланысты төлқұжатты пайдалану мерзімін қысқарту дұрыс шешім болатынын атап өтті.
«Яғни балалар төлқұжатын 12 жасқа дейін емес, 5 жасқа дейін етіп беріп, содан соң қайта ауыстырса.. 12 жастан 16 жасқа дейін беріледі. Одан әрі төлқұжат пен жеке куәліктің жарамдылығы әдеттегідей 10 жыл болып қала береді», – деді Смайлов.
Депутат мұның ата-аналарға тиімсіз екенін ескеріп, төлқұжат үшін төленетін баж салығын екі есеге дейін төмендетуді ұсынды.
«Кәмелетке толмаған балаларға берілетін төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын 8 АЕК-тен (23 336 теңге) 4 АЕК-ке (11 668 теңге) дейін төмендету ұсынылады», – деді ол.
Смайловтың айтуынша, қазақстандықтар жыл сайын 600-700 мың төлқұжат рәсімдейді екен. Оның 20%-ы балалар төлқұжаты. Соңғы 5 жылда елімізде 3 035 956 ересек азаматтарға арналған төлқұжат және 610 061 балалар төлқұжаты дайындалған.