Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-7 C
Nur-Sultan
-5.1 C
Almaty
0.3 C
Shymkent

Заң нормалары бюрократиялық көзқарасқа жол бермейді

Танымал

Ел аузында

Әкімшілік әділет институтын жандандыру, жария-құқықтық дауларды тиімді шешудің кепілі. Қазіргі күні ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі аясында азаматтар өздерінің талаптарын қойып, мамандандырылған соттарда құқықтарын әділ қорғауға қол жеткізуде.

Аталған заңның 15-бабымен анықтық презумпциясы айқындалған. Соған орай айтар болсақ, әкімшілік рәсімді жүзеге асыруда қатысушы ұсынған материалдар мен құжаттарды, өзге де мәліметтерді әкімшілік орган немесе лауазымды адам теріске шығармайынша, олар анық деп есептеледі. Ұсынылған материалдардың түпнұсқасына күмән туған жағдайда әкімшілік орган, лауазымды адам дербес тексереді.

Осы Кодекспен соттардың белсенді ролі қағидаты белгіленген. Яғни, 16-бапқа сай, әкімшілік сот ісі соттың белсенді рөлі негізінде жүзеге асырылады. Себебі, әкімшілік орган ұйымдастырушылық және еңбек ресурстарына ие. Талап қоюшыда мұндай мүмкіндік аз. Олардың тепе-теңдігін сақтауда бұл норманың маңызы зор. Оның үстіне соттың белсенді ролі қағидаты азаматтық немесе қылмыстық іс жүргізуде болмаған жаңалық.

Осы қағидатты одан әрі нақтыласақ, судья әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктеме, арыз, өтінішхаты сондай-ақ, олар ұсынған дәлел-дәлелдемелер, өзге де материалдармен шектелмей, маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты зерттейді. Мұндай зерттеу істің дұрыс шешілуін қамтамасыз етеді. Бұған қоса судья істің нақты немесе заңды тұстарына құқықтық пікірін алдын ала білдіреді. 16-баптың 3 бөлігінде көрсетілгендей, сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелер жинап, әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындауға құқылы.

Бұлар өз кезегінде істерді қарауда бюрократиялық көзқарасқа жол бермей, дауды әуре-сарсаңсыз неғұрлым толық, жедел шешуге ықпал етеді.

17-баппен әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі реттелген. Яғни, жекелеген процестік әрекеттерді қоса алғанда, әкімшілік сот ісі ақылға қонымды мерзімде жүргізіледі.

Ақылға қонымды мерзімді айқындауда әкімшілік істің құқықтық және нақты күрделілігі, сондай-ақ, процеске қатысушылардың процестік құқықтарын пайдалану, міндеттерін орындау барысында көрінетін мінез-құлқы және соттың әкімшілік істі жедел қарау мақсатында жүзеге асырылатын әрекеттерінің процестік тұрғыдан жеткіліктілігі мен тиімділігі, т.б. мән-жайлар ескеріледі.

Сот актілерінің міндеттілігі, 18-бапқа келсек, бірінші саты соты сот актілерін шешімдер мен ұйғарым түрінде шығарады. Ал, аппелляция мен кассациялық сатыларда сот актілері қаулылар және ұйғарымдар нысанында қабылданады.

Заңды күшіне енген сот актілерінің орындалуы міндет. Сонымен қатар, соттар мен судьялардың сот төрелігі барысындағы өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары, басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды

тұлғалар, лауазымды адамдар, жеке тұлғалар міндетті түрде орындауы керек.

Тек Конституциялық Кеңес конституциялық емес деп таныған заңға немесе өзге де нормативтік құқықтық актіге негізделген сот актілері орындалуға жатпайды.

Сот актілерін немесе сот талаптарын орындамағандарға осы Кодексте көзделген процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Әрі олар заңмен көзделген жауапкершілікке тартылады.

Тағы бір айта кетерлігі, сот актісінің міндеттілігі әкімшілік процеске қатыспаған мүдделі тұлғаларды бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырмайды.

18-баптың 5-бөлігімен нақтыланғандай, сот актілері дайын болған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тараптарға жіберіледі.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтарды мемлекеттік басқарудың заңсыз әрекеттері мен әрекетсіздігінен қорғап, мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Әкімшілік әділеттің басты құндылығы да осында.

Рүстем Жансыкбаев,

Алматы қаласының мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

ПРОБАЦИЯЛЫҚ ЕСЕПТЕГІ 400 АЗАМАТҚА АРНАЛҒАН ФОРУМ: «ӨТКЕННЕН САБАҚ, БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ»

Түркістанда полиция мен прокуратураның ұйымдастыруымен «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» атты форумы өтті. Тәртіп сақшыларының қызметтік жүйесі бойынша пробациялық есепте тұрған...