Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-12 C
Nur-Sultan
-4.1 C
Almaty
4.3 C
Shymkent

Өркениеттен ада ауыл тұрғындары Президентке хат жазды

Танымал

Ел аузында

Редакциямызға бір топ ауыл тұрғындары «Президенттен басқа айтатын адамымыз қалмады» деп, арнайы келді. Алматының іргесінде тұрса да өркениеттен ада, тіпті мектебі жоқ ауыл тұрғындары «балалар жылында ең болмаса балаларымызға мектеп пен балабақша салып берсе екен» дейді. Ауыл халқының хатын қаз қалпында беруді жөн көрдік.

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа

Алматы облысының әкімі

Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа

Алматы облысы Қарасай ауданы,

 Іргелі ауылдық округі, Кемертоған

ауылының, бір топ тұрғындарынан

Өтініш

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 Біздің Сізге өтініш білдіру себебіміз Алматы облысы, Қарасай ауданы,  Іргелі ауылдық округі, Кемертоған ауылында болып жатқан жағдайды өзіңізге баяндағымыз келеді.

Себебі бұл мәселе бойынша бірнеше жылдан бері аудан, ауылдық округ әкімдерін және тиісті сала басшыларын бірнеше рет құлағдар еткенімізбен, үнімізді естір Үкімет болмай отыр.

Мәселемізге көшсек, Алматы облысы, Қарасай ауданы,  Іргелі ауылдық округі, Кемертоған ауылында осы уақытқа дейін елді мекен шекарасы нақтыланбаған. Қала іргесінде орналасқандықтан ауыл аумағы жедел ұлғайып келеді. Алайда халық саны бірнеше есе көбейгенімен, соған сай жағдай жасалынбай отыр. Өйткені соңғы он жылдықта салынған үйлердің құжаты әлі күнге дейін заңдастырылмаған. Жергілікті әкімдіктерге сан рет жерімізді, үйімізді заңдастырып, заңды салығымызды төлеп тұрғымыз келген өтінішімізді жеткізгенімізбен ескерілмеуде. Нақты тұратын халық саны есепке алынбағандықтан балаларға да жағдай жасалынбай отыр. Мыңнан астам отбасы орналасқан ауылымызда 1200 оқушыға арналған бір-ақ мектеп бар. Ол мектепте бүгінде 4500-ден астам оқушы, үш ауысыммен білім алуда. Ал ауылымыздағы жалғыз мектепке сыймай қалған балалар қалаға қатынап оқиды. Құрметті Президент 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаныңыздан хабардармыз. Осы орайда ең алдымен Кемертоған ауылы балаларының өз ауылынан сапалы білім алуын қамтамасыз етіп, ауылымызды мектеп және балабақшамен қамтамасыз етуіңізді өтінеміз!

Екіншіден бүгінгі күні қоғамдық көліктің жоқтығынан ауыл халқының, қала мектебіне қатынап білім алатын балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмей отыр. Қанша жылдан бері жаяулатып, көшедегі көрінген көлікпен қалаға қатынайтын ауыл тұрғындарының қоғамдық көлік те басты мәселелерінің бірі. Сондықтан ауылымызға арнайы қоғамдық көлік арналуын сұраймыз.  

Үшіншіден, жаңадан салынған аумақтағы үйлердің құжаты заңдастырып берілсе екен. Заңды құжаттың жасалмауы бүгінгі күні ауылдағы нақты тұрғындар санының есепке алынуына, соған сай жағдай жасалуына қолбайлау болып отыр. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін ауыз сумен және  көше жолдарымен қамтамасыз ету мәселелелері ауылымызда  мүлдем шешімін таппаған. Орталық көшелер де жарықтандырылмаған. Есепте жоқ ауылымызда учаскелік полиция қызметкерлерін де көрмейміз. Сондықтан ауылда ұрлық та жиі орын алады. Алматының іргесіндегі ауылымызда әлі күнге дейін ғаламтор жоқ. Сондықтан үйіміздің құжаты жасалып, халықты таза ауыз сумен қамту, жол салу, жарықтандыру, ғаламтор тарту жұмыстары жолға қойылса екен. Халық осы уақытқа дейін өз күнін өзі көріп, газы мен жарығын өздері тартып алды. Ең болмаса алдағы уақытта жоғарыдағы мәселелердің шешімін табуына көмектессеңіздер екен.

Төртіншіден, ауылымыздың қақ ортасында сиыр фермасы орналасқан. 2011 жылы пайдалануға берілген сиыр фермасы өздерінен шығатын қоқыс, тезектің барлығын  қасынан қазылған шұңқырға он жыл бойы төгіп келді. Оның исі тұтас ауылды тұншықтырғаны аздай, 2018 жылы ойнап жүрген баланың сол шұңқырға батып өлуіне себепкер болды. 2020 сиыр фермасы көшіп кеткенімен, әлгі төккен қоқысы сол күйінде қалды. Күн жылығаннан оның исі бүкіл ауылға жайылып, жаздың ыстық күндері өздігінен өртеніп, ауылымыз түтінге көміліп тұратын болды. Ауылдың қақ ортасында орналасқан осы сиыр фермасынан ауылды құтқарсаңыздар екен.

Қазақстан Республикасының жер кодексінің 108-бабы (елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) белгiлеу және өзгерту) 5-шi тармағы кенттер мен ауылдардың шекарасы (шегi) аудандық (қалалық) өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiлу нақты көзделген. Бірақ бұл мәселені аудан әкімі, ауыл әкімі басқа да тиісті сала басшылары бір-біріне сілтеп, халық үніне құлақ аспай әуре сарсаңға салып жүр.Тіпті қазіргі асқынып тұрған қоғамдық саяси ахуалды одан ары ушықтырып, халық наразылығын күшейтуде.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Осы мәселені өз тарапыңыздан бақылауға алып, түбегейлі шешім қабылданғанға дейін назарда ұстауыңызды өтінеміз. Біз сізді қолдаймыз.

Өтініш иелері Кемертоған

ауылының, бір топ тұрғындары:

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

В Алматы продолжается проект «Социальная мастерская»

Волонтеры Алматы, в рамках социального проекта «Социальная мастерская», организовали уникальный и яркий поход на знаменитый каток Медеу для воспитанников...