Осыған байланысты Stan.kz Қазақстанда автомобиль сататын дистрибьюторлардан қандай көліктердің бағасы қаншалықты түсетінін сұрап көрді.
«Астана Моторс» компаниясы утиль алымының жаңа тарифтері күшіне енгеннен кейін BMW, MINI, Subaru, Haval, Chery импорттық автокөліктерінің бағасы утиль алымының түскен құнына төмендейтінін мәлімдеді.
“Утиль алымы мөлшерлемесінің өзгеруі Hyundai Trans Kazakhstan зауыты шығаратын Hyundai жеңіл автокөліктерінің, сондай-ақ Hyundai Trans Almaty зауыты шығаратын Hyundai, МАЗ коммерциялық техникасының, Golden Dragon жолаушылар техникасының құнына әсер етпейді”, – дейді «Астана Моторс» баспасөз қызметі.
Осы ретте Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының стратегиялық даму жөніндегі директоры Дархан Айдаулов отандық көліктердің бағасына утиль алымы әсер етпейтінін айтты.
“Бұл тек Қазақстанға сырттан келетін көліктерге байланысты болып отыр. Бізде Toyotа және Nissan компанияларынан басқа бірқатар дистрибьюторлар бар. Импорттық автокөліктер жайында олардың ресми өкілдері мәлімет береді. Қаншалықты түсетіні нарықтық жағдайларға байланысты деп ойлаймын. Бұған импорттық дилер өз саясатына сәйкес ықпал етеді. Көліктердің бағаларын мемлекет немесе басқа адамдар реттей алмайды. Олар өзгертетінін, өзгертпейтінін өздері шешетін болады. Утиль алым автокөліктің көлеміне байланысты есептеліп, алынады. Баға соған сәйкес түсетін шығар”, – дейді Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығының стратегиялық даму жөніндегі директоры Дархан Айдаулов.
Әріптесінің бұл сөзін «СарыаркаАвтоПром» ЖШС директоры Сырым Семейбаев та қостап отыр.
“Қазақстанда шығатын көліктерге утиль алым қосылмаған. Олардың бағасы тиісінше өзгермейді. Қазақстанда шығарылмайтын көліктерде өзгереді. Қазақстанда Mersedes, Toyota, Mitsubishi көліктері шығарылмайды. Осы өндірісі жоқ көліктердің бағасы утиль алым қаншалықты азаяды, соған байланысты арзандайды деп ойлаймын”, – дейді Семейбаев.
Бұған дейін саясаткер және қоғам қайраткері Санжар Боқаев Toyota, Nissan және Volkswagen ресми дилерлерінің 24 ақпаннан бастап утильдік алымның төмендеуіне байланысты автомобиль бағаларын түсіретінін мәлімдеген болатын.
«Жаңа ғана Toyota, Nissan, Volkswagen ресми дилерлерімен келіссөздер жүргіздім. Олар ертеңнен бастап жаңа көліктерге бағаны төмендетеді. Яғни, утильдік алым мөлшерлемесі төмендетілген сомада. Менің есептеуім бойынша, бұл орташа есеппен бір автомобильге шамамен 700 мың теңгені құрайды. Бұл керемет жаңалық емес пе?! Міне, сіздермен бірге атқарған ұзақ та қажырлы еңбегіміздің нәтижесіне куә болып отырмыз!» – деп жазған Боқаев Facebook парақшасында.
Еске сала кетсек, премьер-министрдің орынбасары Қазақстанда автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасына арналған утильдік алым мөлшерлемесі 2 есеге азаятынын мәлімдеген болатын.
Айта кетсек, Қазақстанда утилизациялық алым айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. 2022 жылда бір АЕК 3 063 теңге болып белгіленді. Утилизациялық алым қозғалтқыштың көлеміне қарай төленеді. Оның нақты формуласы да бар.
қозғалтқыштың көлемі 1 000 см3 –ге дейін болса, 50 АЕК (145 850) х 3 (коэффициент) = 459 450 теңге;
қозғалтқыштың көлемі 2 000 см3 –ге дейін – 50 АЕК (153 150 теңге) х 7 (коэффициент) = 1 072 050 теңге;
қозғалтқыштың көлемі 3 000 см3 –ге дейін – 50 АЕК (153 150 теңге) х 10 (коэффициент) = 1 531 500 теңге.
Осылайша, аталған төлемдердің барлығы екі есеге төмендейді.