Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Ресейден көптеп келуі мүмкін еңбек мигранттары туралы сұраққа жауап бере отырып айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Қазір мұны мұқият қадағалап жатырмыз, бірақ бүгінде мұндай жағдай, жұмыс істеуге келетін Ресей азаматтарының жаппай ағыны байқалмайды. Әзірге еңбек нарығында толқу болжамын көріп тұрған жоқпыз. Биылға ықтималдық жоқ. Бірақ күн сайын жағдай өзгеріп жатыр. Күн сайын бақылап отырамыз.
Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан – біртұтас экономикалық одақтамыз, сондықтан еңбек ресурстарымыз еркін (ЕАЭО-ның кез келген елінде жұмыс істейді – еск.). Біздің азаматтар Ресейде, ресейліктер бізбен бірге. Бұл біртұтас еңбек нарығы. Шетелдік жұмыс күшіне арналған квота ЕАЭО елдерінің азаматтарына қолданылмайды», – деді Шәпкенов үкімет отырысынан кейін журналистер сұрақтарына жауап бере отырып.
Ол қазақстандықтарды жұмыспен қамту жоспарына тоқталды.
«Олар (ресейліктер – еск.) жаппай келген жағдайда, біз не істей аламыз? Бірінші кезекте өз азаматтарымызды жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыспен қамтамасыз етеміз.
Екіншіден, азаматтардың жекелеген санаттары үшін – мүгедектер, көп балалы аналар, жастар – олардың жұмыс табуы үшін жеке бағдарламалар бар.
Үшіншіден, дағдыларды дамыту. Біз талдап көрдік, жұмыс күшінің 15 пайызында тек мектеп білімі бар. Ал 17 пайызы жыл сайын біліктілігін арттырады. Бұл нарықты дамыту үшін біліктілікті арттырумен айналысуымыз керек. Бастапқы кезеңде болашақта қажет болатын мамандықтар анықталады», – деді министр.
Бұл ретте ол министрлік қазақстандық компанияларды қазақстандықтарды жұмыспен қамтуға басымдық беруге міндеттей алмайтынын түсіндірді.