Ақша жеймін, бюджеттен ұрлаймын деген адамға оң солың бір екен. Бұрын ғимарат салудан асап үйренгендер енді бұзудан да бірдеме қыстырып қалуды көксейтін сияқты. Әйтепесе Алматыдағы президент резиденциясын бұзуға есі дұрыс адам 6 млрд теңге жұмсай ма? Қоқайып 4 қабырғасы қалған нысанды қиратудың не қиындығы бар? Әлде резиденцияны қирату үшін де шетелден маман шақыртпақшы ма?
Маған салса инстаграмға мына ғимаратты бұзып әкетіңдер деп жарнама берер ем. Алматының айналасындағы жер үйде тұратындар өздері ақ бұзып, тегін талап алып кетеді. Сосын өртеніп кеткен Қазақстан телеарнасының ғимаратын қалпына келтіруге 2 млрд теңге жұмсалады дейді. Есік-терезесін жаңартып, қабырғасына құмсылақ пен лефкас тарту соншалықты қиын ба? Қаңқасы бар, инженерлік желілері тартылған. Былай қарасаң қосымша шығын жоқ. Салыстыру үшін айтайық. Елімізде 1200 орындық мектеп салуға шамамен 2 млрд теңге жұмсалады. Оған канализация, су, жылу, жарық тартуды қосыңыз. Ал дайын ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге неге 2 млрд теңге жұмсайсыңдар? Тағы бір сосын. Алматы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіруге 20 млрд теңге керек депті. Алтыннан есік, күмістен терезе қойып, қолтырауынның терісімен қапталған кресло алайын деп отырған болар. Он мектептің ақшасын бір ғимаратқа жұмсаудан қалай ұялмайсыңдар? Қаңтардағы қырғын болмаса, қазынаның кілтін ұстағандар аш қалғандай екен ғой. Осы сметаларды көрген құрылысшы, сәулетші дегендердің өздері жағасын ұстап отыр.
Фейсбуктегі парақшасынан