Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

11 C
Nur-Sultan
22 C
Almaty
24.3 C
Shymkent

«4-5 млн теңге тұратын үйлер қазір 10 млн теңгеге асып жығылады»: Семейде баспана бағасы шарықтап кеткен

Танымал

Ел аузында

Семей қаласында баспана бағасы күрт қымбаттап кеткен. Айтуларынша, бұған Абай облысының құрылытындығы себеп болыпты. Аталған мәселені семейлік тұрғындар әлеуметтік желіде талқылауда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

Тұрғындар қалада баспана бағасының шарықтап кеткенін айтуда. Тіпті студенттер пәтер жалақысының да өсіп кеткендігіне наразы. 

“Үй бағасы қымбаттап кетті. Бұрын 4-5 млн теңге тұратын үйлер, қазір 10 млн теңгеге дейін қымбаттады. Семей жеке облыс болып құрылса, онда тағы қымбаттайтыны сөзсіз. Бағаны бақылауда ұстау керек”, – дейді қала тұрғыны Азамат Асқар.

Жылжымайтын мүлік агенттігі өкілдері соңғы бір айдың өзінде шаһарда тұрғын үйдің айтарлықтай қымбаттағанын жеткізді.  

“Семейде пәтердің де, жер үйдің де бағасы рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Тек жаңалары емес, ескі үйлердің құны да қымбаттаған. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, құрылыс материалдарының бағасы көтерілгені белгілі. Бұл жаңа үйлердің қымбат болуына әкелді. Жаңа облыстың құрылатыны туралы жаңалық та ықпал етіп отыр. Себебі халық қалаға мол қаржы құйылып, жағдай оңалады деп үміттенеді. Тек үйдің емес, жалға берілетін нысандардың, кеңселердің де ай сайынғы ақысы жоғарылап кетті. Ал осыған дейін еш қолданылмай, бос тұрған ғимараттар көп болатын», – дейді Нұргүл Сүлейменова.

Оның айтуынша, қайталама нарықтағы 32 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің бағасы осыдан 3 ай бұрын 8,5-10 млн шамасында болса, қазір 10 млн теңгеден басталады. 42 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің құны бұрын 10-12 млн шамасында құбылса, бүгінде 12 млн. теңгеден асып жығылады. 

“Орташа есеппен алғанда баға осындай. Әрине, баға пәтердің қазіргі жағдайына, салынған жылына, орналасқан көшесіне, қабатына байланысты белгіленеді. Жылы жаңа 52 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерлер бүгін 15-20 млн теңге аралығында, ал бірнеше ай бұрын 13-15 млн еді. Үш бөлмелі пәтерлер 18-30 млн теңгеге дейін тұрады. Менің ойымша, бағаны осыншама өсіру қисынға келмейді. Адамдар үйлерінің құнын негізсіз аспандатып жіберді”, – дейді агенттік басшысы Нұргүл Сүлейменова.

Тағы бір риэлтор Жұлдыз Магазинованың пікірінше, үй бағасы бұдан бұрын да қымбаттаған.

“Баспана бағасы бұдан бұрын өсіп кеткен. Мәселен, кейбір құрылыс компаниялары былтыр 1 шаршы метрі үшін 240 мың теңге сұраса, биыл баға 280 мыңға жетті. Одан да қымбаттары бар. Ескі үйлерге қатысты айтар болсақ, ипотекалық бағдарламаның талаптарына сай келетін пәтерлердің құны жоғарылады», – дейді ол. 

Сөзінше, баға негізінен зейнетақы жинағын баспана алуға жұмсауға рұқсат берілгенде күрт өскен. Сол кезде бірден 1,5-2 млн. теңгеге қымбаттапты.

“Ипотекаға алуға келмейтін ескі үйлер ғана бұрынғы бағада. Байқауымша, қазір сапасы жақсы, 2-3 бөлмелі пәтерлерді арнайы бағдарлама арқылы несиемен қол жеткізуге мүмкіндігі барлар немесе қалталы азаматтар сатып алып жатыр. Көпшілік бағаны қолдан шарықтатып жіберді. Бұл мәселені мемлекет тарапынан реттеу керек деп ойлаймын», – дейді маман.

Жергілікті тұрғындар құзырлы органдардан үй бағасын қадағалауды талап етуде. Семей қаласы дербес Абай облысы болып толық құрылғанда, бағаның тағы қанша шырқайтыны әзірге беймәлім. 

Дайындаған: Таунар Қайратұлы

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

В Талгарской районной больнице открылся Ситуационно-аналитический центр

В Талгарской центральной районной больнице по инициативе руководителя управления здравоохранения Алматинской области Алмата Турысбекулы, а также при содействии и...