Алматыда көшенің қақ ортасында қыз «алып қашқандар» видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Тараған бейнежазбаға қарағанда, оқиға Алатау ауданындағы «Алматы Арена» кешенінің маңында болған.
Видео кадрларынан такси ұстап келе жатқан қызды ақ түсті көліктен түскен екі жігіт көлікке күштеп салып алып кеткенін көруге болады. Ал көліктің мемлекеттік нөмірі жоқ.
Бейнежазбаға қатысты Алматы полициясы тексеру жүргізіп жатыр.
«Алатау ауданының ІІБ полиция бөлімінің мәліметінше, «102» пультіне және олардың бөлімшелеріне бұл оқиғаға қатысты ешқандай дабыл, өтініш және арыз түспеген. Қазіргі уақытта жедел бөлімше мән-жайды анықтау мақсатында тексеру шараларын жүргізуде. Тәжірибеге сүйене отырып, бұл әдейі жасалған немесе шығармашылық түсірілім болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Бұл тек нұсқалардың бірі ғана. Тексеру шаралары міндетті түрде жүргізілетін болады», – деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.