Ақжайық АПБ басшысының орынбасары Артур Абулхаиров өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан, майор шенінен айырылды.
Оралда жазықсыз жүргізушіден 500 мың теңге пара алмақ болған полицей сотталды. Ақжайық АПБ басшысының орынбасары Артур Абулхаиров өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан, майор шенінен айырылды. Сондай-ақ, 7,5 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Іс материалдарына сәйкес, биыл ақпанның 5-і күні Чапаево – Жалпақтал трассасында полицейлер ГАЗ-2752 автокөлігін тоқтатқан. Көлік рөлінде отырған Яворскийдің жүргізуші куәлігі болмаған және одан ішімдіктің иісі шығып тұрған. Ол медициналық сараптамадан бас тартқан соң, полицейлер оны бөлімшеге жеткізіп, ал көлігін Ақжайық ауданындағы арнайы тұраққа қойған.
АПБ басшысының орынбасары болған Артур Абулхаиров қызметін пайдаланып, пайда таппақ болған. Ол қылмыстық істің тергеушісі Орынғалиұлына алкогольге тексеру үшін Яворскийдан қан алу туралы ауызша бұйрық берген.
Тергеуші қанды сараптамаға жіберу үшін Абулхаировтың өзіне тапсырған. Яворский Абулхаировтың талабымен кешкі уақытта оның кабинетіне келген, сонда полицей одан қылмыстық істі тоқтатып, көлігін қайтару үшін 500 мың теңге талап еткен.
Яворский жағдайының ушығып кететінін түсініп, Абулхаировтың талабымен келіскен, – делінген іс материалында.
10 ақпан күні Абулхаиров сот-медициналық сараптама бойынша, Яворскийдің қанынан спирт табылмағанын және оның үстінен қозғалған қылмыстық істің тоқтатылуы керектігін білген. Бірақ полицей бұл туралы Яворскийге айтпаған. Сөйтіп өзінің бажасы Иманғазиевтен Яворскиймен кездесіп, ақшаны алуды сұраған.
Ақшаны алу кезінде жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Иманғазиевті ұстады. Абулхаиров ойын жүзеге асыра алмады.
Сотталушы кінәсін мойындады және о баста Яворскийден ақша алуды жоспарламағанын жеткізді. Сараптама нәтижесін алған соң, оны алдамақ болыпты. Соттың шешімімен Артур Абулхаиров кінәлі деп танылып, оған алған парасынан он бес есе, яғни 7,5 миллион теңге көлемінде айыппұл салында. Сондай-ақ, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Экс-полицей сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін бір айдың ішінде айыппұлды өтеуі тиіс. Одан бөлек, сот оны полиция майоры шенінен айырды. Үкім заңдық күшіне енген жоқ, 15 күн ішінде оған қайта шағым түсіруге болады.