Өзгеретін, өзгертетін Уақыт!

-4 C
Nur-Sultan
1 C
Almaty
5.3 C
Shymkent

Жеңіс күні посткеңестік елдерде қалай өтеді?

Танымал

Ел аузында

Кейінгі екі жылда пандемияға байланысты посткеңестік елдердегі Жеңіс күні толыққанды атап өтілген жоқ. Биыл кең көлемді әскери шерудің болатынын тек екі мемлекет мәлімдеді. Tengrinews.kz тілшісі Ресей мен Украина қақтығысы кезеңінде Жеңіс күні посткеңестік елдерде қалай өтетінін және ҰОС ардагерлеріне қандай құрмет көрсетілетінін анықтады.

Қазақстан 9 мамыр – Жеңіс күні әскери парад өткізбейді. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрлігі хабарлаған еді. 

Еліміз 2020 және 2021 жылдары да Жеңіс күні әскери парад өткізген жоқ. Мұндай шешім коронавирус індетіне байланысты қабылданған. Биыл Қазақстанда әскери шеру өткізу бюджет қаражатын үнемдеу үшін, сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштері бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігін қолдау, мемлекеттік және әскери объектілерді күзету мен қорғауды қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты болмайды.

Десе де, еліміздің әр өңірінде концерттік бағдарламалар, мемориалдарға гүлшоқтарын қою, әскери техника көрмелері және басқа да танымдық кездесулер өтеді. Іс-шараның құрметті қонақтары Ұлы Отан соғысының ардагерлері болады, олар Жеңіс күні қарсаңында 1 миллион теңге (2 289 доллар) көлемінде біржолғы төлем алады. Ардагерлерді құттықтауға этномәдени бірлестіктер қатысады, олар өз тарапынан материалдық көмек, азық-түлік себеттерін, дәрі-дәрмектер мен бірінші кезекте қажетті заттарды дайындайды. Қазір Қазақстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан 387 ардагер тұрады.

Қырғызстан

Қырғызстан 9 мамырда әскери парад өткізбейді. Қырғызстан қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Жеңіс алаңында тек митинг-реквием ұйымдастырылады, сонымен қатар, «Өшпес полк» шеруі өтеді. Шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен әскери-дипломатиялық корпус өкілдері қатысады. 

Қырғызстанда бұған дейінгі екі жылда 9 мамырда әскери парад және басқа да көпшілік шара ұйымдастырылмады. Әзірге Қырғызстан билігі биыл әскери шеруден неге бас тартқанын түсіндірмеді. 

Қырғызстан қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Жеңіс күнінде ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіледі. Елде Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің қолдауымен бірнеше іс-шара өтеді, одан бөлек онлайн форматта жоспарланған кездесулер де бар. 

Қырғызстандағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері Жеңіс күніне орай 100 мың сом алады, бұл қазіргі бағам бойынша 1218 доллар болады. 

Өзбекстан

Биыл Өзбекстанда да 9 әскери шеру болмайды. Бұл туралы Өзбекстан қорғаныс министрлігінің өкілі Ойбек Мамадалиев хабарлады. Өзбекстанда әскери парад кейінгі рет 2019 жылы өткен еді. 

Айта кетейік, 9 мамырда Өзбекстанда «Жеңіс күні» емес, «Еске алу және құрмет көрсету күні» болып атап өтіледі. Бұл күні соғыс ардагерлері мен концлагерлердің кәмелетке толмаған тұтқындары, жараланып, мүгедек болып қалған әскери қызметшілерге құрмет көрсетіледі. 

Өзбекстандағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері Жеңіс күніне орай 15 миллион сум немесе шамамен 1350 доллар алады. Республикада ҰОС-ның 500-ге жуық қатысушысы және еңбек майданының 10 мыңға жуық қызметкері тұрады, олар да жәрдемақы алады.

Әзербайжан

Әзербайжан билігі 9 мамырға ірі іс-шараларды жоспарламады. Олар пандемияға дейін «Мәңгілік полк» шеруін өткізіп келген. Сонымен қатар, жыл сайын Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет білдіріп, материалдық көмек көрсетеді. 

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев биыл 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандарға 1500 манат материалдық көмек төлеуді тапсырды. Бұл 882 доллардан асады. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан немесе кейін қайтыс болған жауынгерлердің жесірлеріне, сол кездегі тылдағы қажырлы еңбегі үшін ордендер мен медальдармен марапатталған адамдарға 750 манат төленеді.

Армения 

Армения Жеңіс күнінде қандай іс-шаралар өткізетінін жарияламады. Telegram-дағы каналдардың мәліметінше, республикада әскери парад болмайды, оның орнына мәдени-ағартушылық іс-шаралар өтеді. 

Армения 2020 жылы Жеңіс күнінің құрметіне әуе шеруін өткізген еді. Ал былтыр ел басшылығы Еревандағы Жеңіс саябағында Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, мерекені толыққанды атап өтуге індет кедергі келтіріп тұрғанын жеткізген болатын. 

Ереван биыл Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтауға қанша қаражат бөлгенін де білдірмеді. 

Тәжікстан

Биыл Тәжікстанда әскери парад болмайды. Дегенмен, оның орнына «Мәңгілік полк» шеруі жүреді. Сонымен қатар, Душанбеде мерекеге орай үлкен концерт болады. Іс-шараға ҰОС ардагерлері мен қала қонақтары қатысады.

Тәжікстандағы соғыс ардагерлеріне төлем мөлшері әр аймаққа байланысты болады. Мысалы, Душанбеде Ұлы Отан соғысының ардагерлері 3000 сомониден, яғни 240 доллардан, тыл еңбеккерлері, Ауғанстандағы соғысқа қатысушылар, Чернобыль апатының мүгедектері және конституциялық құрылысты қорғап, асыраушылары қайтыс болған отбасылар 800 сомониден, яғни 64 доллардан алады. Соғды облысында Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, тылда жұмыс істеген адамдар, сондай-ақ, қамқоршысыз қалған әскери қызметшілердің жұбайлары 6000 сомони немесе 480 доллар алады. Тәжікстанда Ұлы Отан соғысына қатысқан 59 ардагер қалды.

Грузия

Сәуірде «Грузинская мечта» партиясы Михаил Саакашвилидің «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясының және басқа оппозициялық күштердің Жеңіс күнін тойлауды 9 мамырдан 8 мамырға ауыстыру туралы ұсынысын қабылдамады. Тбилисидегі Жеңіс күнін тойлау Киквидзе саябағында өтеді. Іс-шара туралы өзге ақпараттар жария болған жоқ. 

2021 жылғы мәліметтер бойынша, Грузияда 263 ҰОС ардагері бар. Грузия билігі жыл сайын Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлерге 1 мың лари (шамамен 329 доллар) бір реттік төлем жасайды. 

Беларусь 

9 мамырда Минскіде Жеңіс шеруі өтеді. Одан бөлек, «Мәңгілік полк» акциясы да болады. Шеруге қатысушылар ҰОС-да, Ауғанстанда және басқа елдердегі әскери қақтығыстарда қаза тапқан туыстарының портретін алып шыға алады. Сонымен қатар, оқу орындарында Жеңіс күні туралы ашық сабақтар өткізіледі. 

Айта кетейік, Беларусьте 9 мамырда дәстүрлі түрде әскери шеру өтеді. Посткеңестік елдердің көбімен салыстырсақ, Минск бұл категория бойынша алдыда тұр. Беларусь пандемия кезінде де Жеңіс шеруінен бас тартқан емес.

Биыл Беларусьте Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1800 беларусь рублі мөлшерінде беріледі. Бұл – 535 доллар. Дәл осындай жәрдемақы Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына, Отанды қорғау жөніндегі соғыс қимылдарына қатысқан адамдарға, 1943-1945 жылдары неміс оккупациясынан босатылғаннан кейін аумақтар мен нысандардағы минаны жоюға арнайы құрылымдарға қатысқан адамдарға төленеді.

Украина 

Украина да Жеңіс күнін атап өтетін болды. Бұл туралы Украина қорғаныс министрлігінің спикері Александр Мотузяник мәлімдеді. Оның айтуынша, мереке қазір елде болып жатқан жағдайларға байланысты тойланады. Сонымен қатар, Мотузяник украиналықтардың 9 мамыр күнін нацизмді жеңу күні деп қабылдайтынын жеткізді. 

Украинада ірі әскери іс-шаралар болмайды. Оның орнына ҰОС ардагерлеріне құрмет көрсетіледі. Әзірге Киевтің ардагерлерге қанша мөлшерде сыйақы белгілегені туралы ақпарат жоқ, бірақ былтыр біржолғы көмек сомасы алушының санатына байланысты 900–ден 4200 гривенге (140 доллар) дейін болған еді. 

Ресей

9 мамырда Мәскеуде және Ресейдің басқа да қалаларында әскери шерулер өтеді. Сонымен қатар, Ресей қалаларында «Мәңгілік полк» акциясы, жаппай мерекелік іс-шаралар, концерттер өтіп, Жеңіс күні салютпен аяқталады. Бұған дейін ресейлік БАҚ-тарда Жеңіс күніне орай жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстары жарияланған еді. 

Ресейдегі Ұлы Отан соғысының ардагерлері Жеңіс күніне 10 мың рубль көлемінде жыл сайынғы жәрдемақы алады. Бұл – шамамен 150 доллар. Айта кетейік, былтыр Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай ардагерлерге берілетін жәрдемақы 5 есе көп болды, яғни 50 мың рубль.

Толық немесе ішінара пайдаланғанына қарамастан, сайт материалдарын пайдаланған кезде міндетті түрде uakytnews.kz сайтына сілтеме жасауыңызды сұраймыз.

Сайт әкімшілігі

Жаңа

Лекарства на сумму 507 млн ​​тенге выдали пациентам бесплатно

С начала года в городской многопрофильной больнице города Конаев пациентам выдали медикаменты на сумму 507 миллионов тенге. Это форма бесплатной...