Қазақстанда Түркияның ұшқышсыз ұшақтары шығарылады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
10 мамырда Анкарада Kazakhstan Engineering пен Turkish Aerospace арасында әскери-техникалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Құжатта Қазақстанда Kazakhstan Engineering компаниясының базасында Anka ұшқышсыз ұшақтары құрастырылып және оларға техникалық қызмет көрсету желісі ұйымдастырылады.
Қазақстанда Anka дрондарын бірлесіп өндіру туралы келісімге қазақстандық делегацияның Анкараға сапары барысында «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахманов пен Turkish Aerospace (TUSAŞ) президенті профессор Темель Котиль қол қойды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Қазақстан Түркиядан тыс жерде Anka ұшқышсыз ұшағын өндіруді жолға қойған алғашқы ел болады деп күтіліп отыр.
«Жаңа келісім бауырлас Қазақстанмен достық байланысты одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады», – деді TUSAS бас директоры Темель Котиль.