Нұр-Сұлтанда 8-қабаттан құлаған қызды құтқаруға көмектескен екінші ер адамға пәтер берілді, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Баланы құтқаруға көмектескен екінші батыр – Сағи Жылқышиев. Ол видеоға түспеген, себебі Сәбит Шонтақбаев кішкентай қызды құтқаруға терезеге шыққан кезде, Сағи Жылқышиев іште оны ұстап тұрған.
Сағи Жылқышиевке құрылыс салушы екі бөлмелі пәтер берді. Жаңадан салынып жатқан үй қыркүйекте тапсырылады деп жоспарланған. Әкімдік ер адамға отбасын көшіріп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесуге уәде берді.
Сағи да Қызылорда облысының тумасы. Елордада пәтер жалдап, Сәбитпен бірге құрылыста жұмыс істейді.
Еске салайық, оқиға 11 мамырда Нұр-Сұлтанда болған. Екі ер адам жұмысқа бара жатып, терезеде ілініп тұрған үш жасар қызды көрген. Сәбит пен Сағи бірден ішке қарай жүгіріп, көрші үйдің терезесінен баланы қағып алған.