Қазақстан қор биржасындағы бүгінгі сатылым нәтижесі бойынша екі валютаның айырмашылығы небәрі 18 теңгені құрады. Осыдан екі ай бұрын ғана екі валюта арасы бұдан екі жарым есеге көп болған. Ал ірі халықаралық банктердің болжамы бойынша, жақын арада доллар мен еуро бірдей бағада сатылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Наурыз айында рекордты 549 теңгеге дейін жеткен соң, валюта құнсыздана бастады. Бүгінгі сауда нәтижесі бойынша, еуроның орташа бағамы 451 теңгеден сәл-ақ асты. Айырбастау пункттерінде еуро 461,5 теңгеден сатылуда. Экономистердің айтуынша, барлығы еуропалық экономиканың келешегіне байланысты. Қазір оған тоқырау қаупі төніп тұр. Жағдайға табиғи газдың жеткізілуі себебімен Мәскеумен арадағы кикілжің әсер етуде . Егер Еуропа Ресей шикізатына толықтай тыйым салса, бұл энерготасымалдаушылар нарығында хаос тудыруы мүмкін. Тұрақсыздық инвесторларды да шошытып отыр. Мамандардың пікірінше, еуропа ақшасының өсімін ұстап тұрған да осы жағдай.
«Импортталатын тауарлар мен қызметтердің 42%-ы солтүстіктегі көршіміздің үлесінде. Сондықтан да рубль-еуро қалай жүрсе, теңге-еуро да солай болады. Дағдарыс жалғасып жатқандықтан, АҚШ негізгі ставканы көтеруде. Еуроодақ мұны жасауға асықпайды, себебі ресейлік шикізатқа деген тәуелділік жоғары. Егер инвесторлардың көзқарасымен қарайтын болсақ, қазіргі уақытта еуроға инвестициялау тиімді емес», – дейді экономист Азат Арупов.
Сарапшылардың пікірінше, еуро жоғалтқан позициясын қайтарады. Бірақ ол тек ресейлік шикізатқа толыққанда тыйым салынбаған жағдайда ғана мүмкін.
«Жағдайдың күрделілігі соншалық, жақын арада тыйым салынбайтыны анық. Өйткені жуырда ғана G7 отырысы өтіп, мемлекеттер өзара келісе алмады. Алдағы жарты жылға қарайтын болсақ, еуро өз деңгейін қайтарады деп ойлаймын. 500-550 тг аралығында болады. Жақын арада Еуропа орталық банкінің курсты тұрақтандыру үшін қандай да бір құрал қолданатынын көруіміз мүмкін. Еуропалық валютаның Ресейдегі курсы 65 рубльден төмен түскен кезі болды. Бұл соңғы жылдарда алғаш болып отырған жағдай. Ал ресейдік сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта еуроның күшеюі екіталай. «Еуроодақ еуроны алмастыруға, еуроға рубль сатып алуға мәжбүр. Осылайша рубль күшейіп, еуро әлсіреуде. Еуроодақтың Ресейге санкция салғаны тағы бар. Ресей Батыс тауарларын сатып ала алмай отыр. Осылайша Ресейге кіретін валюта – доллар да, еуро да Ресейдің өзінде қалуда», – дейді экономист Александр Быстров.
Барлық болжамдарға қарамастан, алда не болатынын айту қиын. Бірнеше айдан бері валюталар геосаяси жағдайға қарап өзгеруде. Долдарға келетін болсақ, бүгін валюта 3 теңгеге жуық нығайды. Биржада 433 теңгеден сатылған доллардың айырбастау пункттеріндегі көрсеткіші 436,5 теңгеге тоқтады.