Өрт 2022 жылдың 21 мамыр күні Еңбекші ауданы, Ғани Иляев көшесі, 142 мекенжайында орын алған.
Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында шыққан өртке байланысты Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мадияр Есенгелдіұлы шұғыл брифинг берді.
– Жарылыс салдарынан «Меж больничная 138 дәріхана» ЖШС-не тиесілі 2 қабатты жеке тұрған ғимаратта өрт шыққаны анықталды. Ғимараттың жалпы ауданы 360 шаршы метр. Қабырғалары кірпіштен қаланып, төбесі ағаш жәшікке салынған. Сағат 12:06-да өрт ауыздықталды. Өрт аумағы шамамен 55 шаршы метрді құрады, – деді полковник.
Спикердің сөзінше жарылыс салдарынан 130 шаршы метр аумақта ғимараттың ішінара құлауы орын алған. Сондай-ақ, жақын маңдағы 5 қабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы пәтердің балконы мен терезелері және сол аумақтағы 7 жеңіл автокөлік зақымдалған.
Баспасөз жиынында спикер ТЖ жоюға ТЖД 37 қызметкері мен 9 техникасы жұмылдырылғанын және жарылыстың себебі әлі анықталып, төтенше жағдайды жою жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, өрттің шыққаны туралы 21 мамыр күні сағат 11:36-да «101» пультіне хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнында ер адамның мәйітін тапқан. Оның жеке басы анықталуда.
Шымкент қаласының Ақпарттық-коммуникациялық орталығы