Мемлекеттік қызмет істері агенттігі министрлердің, әкімдердің және олардың орынбасарларының орташа жасын атады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Tengrinews редакциясының сұрауына жауапта, агенттік елдегі мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 2022 жылы 39,7 болғанын хабарлады. Бұл үш жыл бұрынғыға қарағанда аздап жоғары (2019 жылы 39 жас).
Бұл ретте министрлердің, олардың бірінші орынбасарлары мен басқа да орынбасарларының орташа жасы биыл 45,7 болды. Соңғы үш жылда министрлер бір жылға дерлік «жасарды» – 2019 жылы 46,6 жас болған.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің және олардың орынбасарларының орташа жасы биыл – 48.
Министрлердің арасында ең жасы – ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров. Ол 38 жаста. Өңір әкімдерінің ішінде ең жасы Шымкент қаласының 40 жастағы әкімі Мұрат Әйтенов.
Министрлер кабинетінде ең үлкені – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен ІІМ басшысы Марат Ахметжанов. Олар 57 жаста. Өңір басшылары арасында жоғары буын шенеуніктерінің ең үлкені – ШҚО әкімі Даниал Ахметов, ол 67 жаста.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық статистика бюросы ел халқының орташа жасы 2022 жылы 31,8 жас болғанын хабарлады.